Райымбек ауданының 90 жылдығына орай Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде өткен ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты ІІ Республикалық оқушылар айтысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.
Айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев төрағалық, Қанат Әбілқайыр, Алмас Қылышбек, Бағдат Сәрсенбаев сынды әдебиет, өнер майталмандары қазылық еткен сөз барымтасы жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасы жас ақындарды тақырыпты аша білу, сөз тапқырлығы мен сахна мәдениеті тұрғысынан бағалады. Өз сөзінде қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев, жазушы Қанат Әбілқайыр жас ақындарды қолдау мақсатында мұндай айтыстардың маңызы зор екенін жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен Несібелі Сәрсенбек (Алматы облысы) бас жүлде (бір миллион теңге) иегері атанды. Жүлделі I орын Айша Бақтиярға (Шымкент қаласы), ІІ орын Анкен Ерден (Алматы облысы) мен Диана Қанайбекке (Алматы облысы) бұйырды. Жүлделі III орын үш ақынға – Әдемі Сыбанқұл (Алматы қаласы), Таңжарық Ниязбек (Қостанай облысы), Дастан Әкімханға (Қонаев қаласы) берілді. Сонымен қатар арнайы жүлделер Әли Ислам (Шымкент қаласы), Ернұр Қариполла (Абай облысы), Даниял Рахимов (Алматы облысы), Баян Бекзат (Батыс Қазақстан облысы), Ботакөз Рауанқызы (Алматы облысы), Жамалбек Мирас (Жамбыл облысы), Мұхтар Мұратханұлы (Шығыс Қазақстан облысы), Жұмахан Абдолқадыр (Ақтөбе облысы), Аятулла Мәжитке (Түркістан облысы) табысталды.
Бұл айтыс қазақ өнерін дәріптеу мен рухани құндылықтарды сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Қасиетті Қарасаз төрінде өткен бұл дүбірлі дода ел есінде ұзақ сақталары анық. Ұлттық өнерімізді ұлықтаған аламан айтыс келешекте де дәстүрлі түрде жалғасып, қазақ сөз өнерінің мәртебесін көтере беретіні сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы


