Жуырда Ұйғыр ауданының Кіші Диқан ауылында жастар ісі жөніндегі нұсқаушының ұйымдастыруымен «Тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарға заң мен тәртіптің маңызын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек білуге баулу, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заңды құрметтеуге тәрбиелеу болды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті болып отырған интернет кеңістігіндегі қауіптер, алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары да кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында жастар өз ойларын ашық білдіріп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық сауалдарға заң аясында нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Бұл өз кезегінде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етеді деген сенім мол.
Іс-шара соңында қатысушыларға заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екені атап өтіліп, тәртіпке бағыну – еркін әрі жауапты қоғамның негізі екені түсіндірілді. Сондай-ақ жастарға адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығы жеткізілді.


