Ұйғыр ауданының Тасқарасу ауылында «Тоқта, интернет алаяқтық!» атты ақпараттық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы хабардарлығын арттыру және азаматтардың қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру еді.
Ауылдың белсенді жастары бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе болып отырған интернет алаяқтықтың күннен-күнге өршіп бара жатқанына алаңдап, көбіне алаяқтардың құрбаны болатын ауылдағы егде жастағы азаматтарға интернет алаяқтарының жиі қолданатын тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, жалған қоңыраулар, күмәнді сілтемелер мен жалған ұтыс ойындары арқылы алдау әрекеттері туралы нақты мысалдар келтірілді. Тіпті қарттарға түрлі ұтыстар мен дәрі-дәрмектер жарнамалап қоңырау шалатын алаяқтар да көп. Олар қариялардың сенгіштігін пайдаланып кетеді. Осындай жайттарды түсіндірген жастар тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған арнайы ақпараттық жадынамаларды таратты.
Іс-шара барысында азаматтарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеу, ал алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі де егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Осындай алдын алу шаралары тұрғындардың сақтығын арттырып, интернет алаяқтықтың алдын алуға өз үлесін қосары анық.
Анар Дүйсенбайқызы Ұйғыр ауданы

