Перейти к содержимому
Главная страница » Тұрғындар тілегі ескеріледі

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев кезекті азаматтарды жеке қабылдауын өткізді. Онда тұрғындар ауыз су, жер телімі, жол құрылысы, жарық пен газ тарифтері бойынша туындаған мәселелерін айтып, шешу жолдарын қарастыруды өтінді. Сондай-ақ кәсіпкерлер ісінің алға басуы үшін қолдау көрсетуді сұрады.
Қарасай ауданы Исаев ауылынан келген азаматтар әлеуметтік нысан салынуы керек жер жекеменшікке өтіп кеткенін және оны сатып, кей тұрғындар үй сала бастағанын айтты. Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, Бас жоспарға сәйкес, тұрғындар атап өткен аумақта балабақша мен амбулатория салу көзделген. Сондықтан жоспарға сай белгіленген нысандар бой көтереді. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр.
– Аумақты заңсыз сатып алған азамат жерді кері қайтарады не сол жерге әлеуметтік нысандарды өзі салып беруін талап етеміз, – деді облыс әкімі.
Исаев тұрғындары сондай-ақ коммуналдық тарифтердің қымбаттағанын жеткізіп, Бұқар жырау көшесіндегі жолды асфальттау жұмысы қашан басталатынын сұрады. Марат Елеусізұлы газ және жарықпен қамтамасыз ету қызметі «Алатау жарық» компаниясы АҚ-ға өткізіліп жатқанын, осы жұмыстар аяқталған соң баға да тұрақталатынын айтты. Ал Бұқар жырау көшесіндегі құрылыс келесі аптада басталмақ. Бүгінде қаржысы бөлініп, мердігер анықталған.
Әкім қабылдауына білім саласында 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер келді. Ол өз жұмысын дамыту үшін ғимарат берілсе деген өтінішін айтты. Қазіргі таңда «Өрлеу» бағдарламасынан білім саласы алынып тасталғандықтан, қаражат берілмегенін алға тартты. Марат Елеусізұлы мұндай мектептер оқушылардың болашағы үшін аса қажет екенін айтып, аудан әкімдігіне Ұзынағаш ауылынан балаларды оқытуға жарамды нысанды анықтап, кәсіпкерге көрсетуді тапсырды.
Жеке қабылдау барысында құрылыс материалдарын дайындайтын компания өкілдері өнімді нарықта өткізуге көмек көрсетуді сұрады.
– Сіздердің байланыс деректеріңіз бен өнім туралы ақпараттарды облыстағы құрылыс саласындағы компанияларға жолдаймыз. Егер бағасы мен сапасы оларды қанағаттандырса, өзара тиімді байланыс орнатуға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар құрылыс басқармасы сіздерге өңірдегі ірі құрылыс компаниялары туралы ақпарат береді. Осы арқылы мердігерлермен байланыс орнатып, өз өнімдеріңізді ұсына аласыздар, – деді Марат Сұлтанғазиев. Сондай-ақ егер сапасы талапқа сай келсе, жауапты басқарма басшысына облыстағы құрылыс жұмыстарына өңірлік компанияларды көбірек тарту керегін айтты.
Аймақ басшысы әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, туындаған мәселелерді заң аясында тездетіп шешуді тапсырды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС