Перейти к содержимому
Главная страница » Заң мен тәртіп – Алатау қаласының тұрақты дамуының негізі

Заң мен тәртіп – Алатау қаласының тұрақты дамуының негізі

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – әділетті қоғам қалыптастырудың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыты. Заңның үстемдігі сақталған жерде тұрақтылық, тәртіп және даму орнығады. Бұл қағидат Алатау қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Алатау қаласында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен тұрғындар арасында түсіндіру кездесулері, дөңгелек үстелдер, құқықтық кеңестер мен профилактикалық акциялар тұрақты өткізіліп келеді.
Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударылуда. Жас ұрпақтың заңды құрметтеуі, азаматтық жауапкершілікті сезінуі және қоғамдық тәртіпті сақтауы – қауіпсіз әрі дамыған қоғамның кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Бүгінде Алатау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қозғалысы мәдениетін арттыру, интернет-алаяқтықтың, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың және өзге де заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтып, қоғамдағы заңға деген құрметті арттыруға бағытталған.
Заңды сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Әр тұрғын өз құқығын біліп қана қоймай, заң талаптарын бұлжытпай орындаған жағдайда ғана қоғамда әділдік пен тұрақтылық орнығады. Заңға құрмет – елге құрмет. Сондықтан заң мен тәртіп қағидатын ұстану – Алатау қаласының қауіпсіз әрі өркендеген болашағының берік кепілі.