Перейти к содержимому
Главная страница » ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Балқаш ауданы прокуратурасы мен Балқаш аудандық полиция бөлімі құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында бірлескен профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен жеке профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып, олардың қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуі, қоғамға бейімделуі және заң талаптарын қатаң сақтауы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қатысушыларға қолданыстағы заңнама талаптары, құқық бұзушылықтың салдары, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және құқықтық қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалармен жеке әңгімелесулер өткізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, отбасы құндылықтарын сақтау және заң талаптарын орындаудың маңыздылығы түсіндірілді. Балқаш аудандық прокуратурасының прокуроры Серікболат Маликов құқық бұзушылықтың әрбір дерегі заң аясында қаралатынын ескертіп, азаматтарды жауапкершілікке жетелейтін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Профилактикалық іс-шара аясында дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамхана иелерімен де кездесулер ұйымдастырылды. Кездесу барысында кәсіпкерлердің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жауапкершілігі, алкоголь өнімдерін заң талаптарына сәйкес сату, кәмелетке толмағандарға темекі мен алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстар талқыланды.
Осы ретте кәсіпкерлік субъектілерімен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында екіжақты меморандумдарға қол қойылды. Аталған құжаттар құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамда заң үстемдігін қалыптастыруға, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Аудан прокуратурасы мен аудандық полиция бөлімі тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы