Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау мақсатында мәдениет қызметкерлерімен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында қоғамдағы заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесу кезінде мәдениет саласы өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше екені атап өтілді. Әсіресе, олардың жастар тәрбиесіндегі, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі, сондай-ақ азаматтардың бойында жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастырудағы рөлі айрықша екені айтылды. Өйткені мәдениет – қоғамның рухани тірегі, ал тәртіп пен заңға құрмет – сол руханияттың негізгі көрінісі.
Іс-шара барысында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері Дамир Маратұлы мен Мейіржан Ботабековтер заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Олардың айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда тек құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз, бұл бағытта қоғам болып бірлесіп әрекет ету маңызды.
Ал Мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметова болса ұйымдастырылған кездесудің маңыздылығына тоқталып, шараны өткізген құқық қорғау органдарының өкілдеріне алғыс білдірді. «Мұндай кездесулер мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, заң мен тәртіпті насихаттаудағы ортақ жұмысымызды жандандыра түседі», – деп атап өтті Салтанат Ешмұханбетқызы.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, заңға құрметті арттыру, азаматтық жауапкершілікті күшейту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы, заң мен тәртіп – тұрақты қоғам мен қауіпсіз болашақтың кепілі екені тағы бір мәрте айқындалды.
Анар Дүйсенбайқызы Ұйғыр ауданы

