Перейти к содержимому
Главная страница » Заңнамадағы жаңа өзгерістер түсіндірілді

Заңнамадағы жаңа өзгерістер түсіндірілді

Жолаушылар мен жүргізушілердің өмір қауіпсізді мен жолда жүру ережелерінің қатаң сақталуын қадағалау өте маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген бірқатар өзгерістер 2026 жылғы 25 тамыздан бастап заңды күшіне енеді. Аталған заң талаптарын жүргізушілерге Еңбекшіқазақ ауданы АПБ-нің әкімшілік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Д.Ботаев түсіндірді.

«Алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өту қажеттігін еске саламыз. Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады», – дейді заңды өкіл. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты.

Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты. Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтардың салдары жүргізушілерді теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндеттейді. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.

Алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Еңбекшіқазақ ауданы АПБ-нің әкімшілік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Д.Ботаевтың айтуынша, енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі бомаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.

Бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Барша жол жүрісіне қатысушыларды жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ