Ұйғыр ауданында әлеуметтік маңызы зор нысандарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – аудандық орталық ауруханада жүргізіліп жатқан сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жұмыстары. Жуырда аудан әкімі Бота Елеусізова құрылыс нысанына арнайы барып, құрылыс барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімінің уақытылы жүруін бақылап қайтты.
Аталған жоба екі кезең бойынша іске асырылуда. Қазіргі таңда нысандағы ескі құрылымдарды бөлшектеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл – күрделі жөндеудің алғашқы әрі маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары да басталып кеткен. Мердігер мекеме тарапынан барлық жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Тексеру барысында аудан әкімі мердігер ұйым өкілдерімен, сондай-ақ жауапты сала мамандарымен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, құрылыс сапасына, жұмыс қарқынына және белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аударылды. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, құрылыс алаңындағы тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады.
Бұл ретте елімізде кеңінен насихатталып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы ерекше. Құрылыс жұмыстары барысында барлық заң талаптарының сақталуы – сапалы әрі қауіпсіз нысанның кепілі. Яғни әрбір жұмысшыдан бастап, мердігер мекемеге дейін белгіленген ережелерді қатаң ұстануы тиіс. Тәртіп бар жерде – жауапкершілік бар, ал жауапкершілік – халық сенімінің негізі.
Аудан басшысы өз сөзінде нысанды уақытылы әрі сапалы аяқтау – басты міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, медициналық қызметтің сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін аудан тұрғындары үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған, қауіпсіз әрі қолайлы жаңа медициналық мекеме пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығын нығайтуға, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға үлкен серпін бермек.
Қорыта айтқанда, орталық ауруханада жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары – ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. «Заң мен тәртіп» қағидасын қатаң ұстанып, мердігерлердің өздеріне жүктелген міндеттері мен жұмыстарын дер кезінде жүзеге асыруы – осы игі істің нәтижелі әрі сапалы жүргізілуіне негіз болмақ.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


