Ұйғыр ауданында Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Жаңаша серпіліс – жаңа энергия!» атты мазмұнды іс-шара өтті. Аталған шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының маңызын кеңінен насихаттау, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын түсіндіру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдау болды.
Іс-шара аясында қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың заңға деген құрметін арттыру және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар, 2026 жылдың 17–19 шілде күндері аралығында Ұйғыр ауданы аумағында өткен «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындылары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл шара аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасы институтын нығайту бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Ашық аспан астында өткен кездесуге аудандық мәслихат депутаты С. Ермұхаметова, аудандық іскер әйелдер қоғамдастығының мүшесі А.Турсунова, сондай-ақ Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері С.Акрамова мен А.Сыдыкова қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын түсіндіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған ұсыныстар да айтылды.
Жалпы, «Жаңаша серпіліс – жаңа энергия!» атты іс-шара қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз әрі құқықтық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды.


