Жекеменшік құқығын қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі. Әрбір азаматтың заңды жолмен иеленген мүлкіне қол сұғылмауы, оның сақталуы мен қорғалуы мемлекет кепілдік беретін маңызды құқықтардың қатарына жатады. Бұл қағидат қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады.
Қазақстан Республикасының заңнамасы жеке меншікке қол сұғылмауын қамтамасыз етіп, меншік иелерінің құқықтарын қорғауға ерекше мән береді. Ешкім заңда көзделген негіздерсіз азаматтың мүлкін тартып алуға немесе оның меншік құқығын шектеуге құқылы емес.
Бүгінде меншікке қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ұрлық, алаяқтық, тонау, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру сияқты құқыққа қайшы әрекеттер азаматтарға материалдық шығын келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсер етеді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде.
Сонымен қатар азаматтардың өз мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жауапкершілікпен қарауы маңызды. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды күзет жүйелерімен жабдықтау, есік-терезелердің қауіпсіздігін күшейту, бейнебақылау құралдарын пайдалану және құнды заттарды қараусыз қалдырмау – құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Жекеменшік құқығын қорғау – заң талаптарын сақтаумен қатар, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейіне де байланысты. Әрбір азамат өзгенің мүлкіне құрметпен қарап, заң талаптарын сақтауға міндетті. Ал құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен жұмысы меншікке қол сұғушылықтың алдын алып, қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады.


