Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында екі ғашық Рамазан мен Гүлжан еліміздің маңызды күні отау көтерді. Олар той киімімен өздері тіркелген № 264 сайлау учаскесіне дауыс беруге бірге келіп, таңдау жасады. Осылайша Рамазан Ерланұлы мен Гүлжан Ерболқызы айтулы күні үлкен өмірге бірге қадам басуды ұйғарыпты.
Екі жасқа аталған сайлау учаскесінде Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әскербек Абаев ақ батасын берді. Сонымен қатар ардагер ұстаз, «Ақ әжелер» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, ауданның Құрметті азаматы Күміс Кемелбекова бүгінгі маңызды күні жасаған қадамдарына бақыт тіледі.
Рамазан Серсебай мен Гүлжан Шынболат аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде мұғалім болып бірге жұмыс істейді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы