Перейти к содержимому

Алаяқтар қандай айлаға жиі барады?

21 қаралым

Облыс орталығында өткен ASPAN FEST мега фестивалінің жабылу салтанатында «Заң мен тәртіп» қағидаты туралы ақпарат берілді. Шараға қатысқан прокуратура өкілі қазіргі таңда қоғамда жиі кездесетін алаяқтық түрлерін атап өтті.
Құзырлы орган өкілінің айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернеттегі алаяқтық түрлері де кең таралуда. Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді (Instagram, WhatsApp, Telegram), жалған интернет сайттарды, фишингтік хабарламаларды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақша қаражатын иемденеді.
«Қазіргі таңда алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Ең кең таралған алаяқтық схемаларының қатарында: жөндеу жұмыстарын орындау немесе қызмет көрсету сылтауымен алдын ала төлем алып, кейін өз міндеттемелерін орындамау; туристік сапарларды, әуе билеттерін немесе қонақүйді брондау қызметтерін ұсыну арқылы ақша қаражатын иемденіп, уәде етілген қызметті көрсетпеу; өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға, банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға мәжбүрлеу; әлеуметтік желілер арқылы техника, көлік және өзге де мүлікті жалға алу туралы келісім жасап, алынған мүлікті қайтармау немесе заңсыз иемдену; жоқ немесе басқа тұлғаларға тиесілі пәтерлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, кепілақы немесе алдын ала төлем алу; интернет арқылы жалған инвестициялық жобаларды, трейдинг платформаларын немесе ақылы оқыту курстарын ұсынып, азаматтардың қаражатын иемдену; фишингтік сілтемелер арқылы мессенджер аккаунттарына қол жеткізіп, кейін аккаунт иесінің атынан оның туыстары мен таныстарынан ақша сұрау», – дейді прокуратура өкілі.
Прокуратура азаматтарды кез келген күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарап, жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.


Ерзат АСЫЛ