Instagram, тик ток,WhatsApp және басқа да әлеуметтік желілер арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алу күнделікті өміріміздің қалыпты бөлігіне айналды. Алайда мұндай тәсілдің ыңғайлылығымен қатар, тұтынушылар үшін белгілі бір тәуекелдер де туындайды.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға ақшалай қаражаттан айырылып қалмау үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауды ұсынады.
Сатып алуды жүзеге асырмас бұрын тауарды нақты кім сататынына көз жеткізу қажет. Тұтынушы сатушыдан ЖК немесе заңды тұлғаның атауын, ЖСН/БСН-ын, мекенжайын және байланыс деректерін сұрауы керек.
Маңызды: тик ток, Instagram-дағы парақшаның атауы немесе WhatsApp-тағы телефон нөмірі өздігінен сатушының кім екенін растамайды.
Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуге интернет-ресурсқа сілтеме орналастырылған жағдайда жол беріледі.
Онда тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері, сатушының атауы, оның заңды мекенжайы және абоненттік нөмірі туралы ақпарат қамтылуы тиіс.
Егер сатушы ақшаны басқа жеке тұлғаның банк шотына немесе картасына аударуды сұраса, ерекше сақтық таныту қажет.
Егер әлеуметтік желіде көрсетілген дүкеннің атауы ақша қаражатын алушының деректерімен сәйкес келмесе, тұтынушы мұндай сәйкессіздіктің себебін анықтап, оны растайтын құжаттарды сұрауы қажет.
Әлеуметтік желілер арқылы сатып алу кезінде мына материалдарды сақтаған жөн:
- сатушымен жүргізілген хат-хабарларды;
- тауар туралы ақпарат пен оның құнын;
- тауардың фотосуреттері мен сипаттамасын;
- сатушының деректемелерін;
- жеткізу және қайтару шарттары туралы мәліметтерді;
- төлемді растайтын құжаттарды.
Тауарды алғаннан кейін де хат-хабарларды өшірмеңіз. Дау туындаған жағдайда олар мәміле шарттарын растайтын маңызды дәлел болуы мүмкін.
Тұтынушы тауарды сатып алу және оған ақы төлеу фактісін растайтын құжатты, оның ішінде заңнамада көзделген жағдайларда фискалдық чекті алуы тиіс.
Егер сатушы чек беруден бас тартса, тұтынушы салық заңнамасы талаптарының сақталуын тексеру үшін мемлекеттік кірістер органдарына жүгіне алады.
Төлем жасамас бұрын тауардың сипаттамасына, оның негізгі қасиеттеріне, бағасына, жеткізу шарттарына, кепілдігіне және қайтару тәртібіне назар аудару қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамасы тұтынушының тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет, сондай-ақ сатушы туралы толық, анық және уақтылы ақпарат алуға құқығын бекітеді.
Бағасы нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен ұсыныстарға, шұғыл түрде алдын ала төлем жасауды талап етуге немесе «соңғы тауар», «жеңілдік бүгін ғана» деген сияқты ұсыныстарға сақтықпен қараңыз.
Егер сатушы өзі туралы ақпаратты, тауарға қатысты құжаттарды немесе төлемді растайтын құжатты ұсынудан бас тартса, сатып алудан бас тартқан дұрыс.
Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда не істеу керек?
Егер тауар сапасыз болып шықса немесе сатушы өз міндеттемелерін орындамаса, тұтынушыға сатушыға жазбаша наразылық (талап) жолдап, өз талаптарын нақты көрсету ұсынылады.
Дауды ерікті түрде реттеу мүмкін болмаған жағдайда азаматтар консультациялық және құқықтық көмек алу үшін аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.
Тұтынушының сатушыға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарға, дауды сотқа дейін реттеу субъектілеріне немесе сотқа жүгінуге құқығы бар.
Егер алаяқтық белгілері, яғни ақшаны алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену жағдайлары анықталса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Негізгі қағида — алдымен тексеріңіз, содан кейін төлеңіз
Сатушыны тексеріңіз, хат-хабарларды сақтаңыз, төлемді растайтын құжатты талап етіңіз және ақшаны белгісіз тұлғаларға аудармаңыз.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады.
Төлем жасамас бұрын қарапайым сақтық шараларын сақтау қаржылық шығындардың алдын алуға және тұтынушы ретіндегі құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.
Дина СЕНБАЕВА,
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Алматы облысы бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы