Кейбір зиянды әдеттер адамның өміріне бір күнде кірмейді. Алдымен «бір-ақ рет», кейін «достармен ғана», одан соң күнделікті әдетке айналуы мүмкін.
Алкогольді шамадан тыс тұтынудың салдары адамның өзіне ғана емес, оның отбасына және айналасындағы адамдарға да әсер етеді. Мас күйіндегі жанжал, қоғамдық тәртіптің бұзылуы, жол-көлік оқиғасы немесе отбасындағы зорлық-зомбылық – ішімдікке байланысты туындайтын қауіптердің бір бөлігі.
Әсіресе көлік жүргізу кезінде алкоголь қолдану – өз өміріңмен қатар өзге адамдардың өмірін де қатерге тігу. Мұндай жағдайда «аз ғана ішкен едім» деген сылтаудың еш маңызы жоқ.
Алкогольдің алдын алу тек тыйым салумен шектелмейді. Жастардың спортпен, шығармашылықпен, біліммен айналысуына мүмкіндік жасау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру да маңызды.
Кейде дұрыс таңдау үлкен шешімнен емес, қарапайым «жоқ» деген сөзден басталады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ