Алматы облысында ауылдық аумақтар мен шағын елдімекендерді дамыту – өңірдің стратегиялық басымдықтарының бірі. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің отырысы өтті. Жиында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды тиімді жоспарлау және ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіне ауқымды құрылыс жобаларымен қатар, жергілікті деңгейдегі бірқатар бастамалар да енгізілді. Атап айтқанда, Талғар ауданындағы Панфилов ауылының бекітілген бас жоспары таныстырылды. Құжатта елдімекен халқының кезең-кезеңімен өсуі және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Соның ішінде жаңа мектептер мен балабақшалар, спорттық және мәдени нысандар салу, ауыл тұрғындары үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру жоспарланған.
Жиын барысында құрылысқа жауапты мекемелерге қатысты сын-ескертпелер де айтылды. Марат Сұлтанғазиев мегаполистерге тән құрылыс үлгісін ауылдық аумақтар мен қала маңындағы елдімекендерге сол күйінде көшірудің орынсыз екенін атап өтті. Өйткені әр аумақтың табиғи, әлеуметтік және инфрақұрылымдық ерекшелігі бар. Осыған байланысты жобалаушыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Отырысты басқа да нысандарға қатысты мәселелерге мән берілді. Талғар ауданындағы Бесағаш ауылының бас жоспарын іске асыру қала құрылысы кеңесінің шешімімен уақытша тоқтатылды. Мұнда жол-көлік инфрақұрылымы толық дайын болмайынша, құрылыс жұмыстарын бастауға жол берілмейді. Ал Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында аумақты абаттандыруға бағытталған «Abay zholy» жобасы әлеуметтік маңыздылығымен ерекшеленіп, қолдау тапты.
Жиында облыс орталығындағы үш жобаға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында «Достық» үйін және киіз үй пішініндегі визит-орталық салу, сондай-ақ «Kapshagay Resort» секілді мәдени-туристік кешендерді дамыту жобалары бар. Сонымен қатар Қонаев қаласында 108 пәтерге арналған тоғыз қабатты тұрғын үй салу ұсынысы қаралды. Облыс әкімі жобаның сәулеттік үйлесімін ескере отырып, ғимараттың қабаттылығын төмендетуді ескертті.
Дауыс беру қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірқатар бас жоспарды қайтадан пысықтауға қайтарды. Инвесторларға көркем безендірілген жобаның таныстырылымы – атқарылатын жұмыстың бір бөлігі ғана екені ескертілді. Ең бастысы – жобаны сапалы әрі жауапкершілікпен жүзеге асырып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Жиын қорытындысында Марат Елеусізұлы әр жобаға жауапкершілікпен қарау қажет екенін айтты.
«Біздің мақсатымыз – Алматы, Алатау қалаларымен немесе облыс орталығымен бәсекелесу емес. Ең бастысы – тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Біз мұнда іскерлік орталық емес, аудан мен қаланың шеткері аумағын дамытып жатырмыз. Сондықтан биік ғимараттар салудың қажеті жоқ. Керісінше, тұрғындарға кең тыныстауға мүмкіндік беретін, көгалдандырылған және табиғи ортамен үйлесім тапқан жайлы кеңістік қалыптастыруымыз қажет», – деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Қонаев қаласы
