Перейти к содержимому

ASPAN FEST мега фестиваліне 15 мың адам қатысты

62 қаралым

Қонаев қаласының  орталық  алаңында    ASPAN FEST мега фестивалінің жабылу салтанаты өтті.  Маусым айында   бастау алған мәдени іс-шара Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтарын әр ай сайын   әуезді әуенмен  шаттандырды.

Биыл жаз айларында  Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтары отандық эстрада жұлдыздарының музыкалық шоуын тамашалауға мүмкіндік алды. Фестивальге келушілер үшін демеушілердің қолдауымен ұтыс ойындары да өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды кештердің тегін өтуіне Алматы облысы әкімдігі қолдау көрсеткен.

– Фестивальге елге  танымал  көптеген  эстрада жұлдыздары қатысты. Шара аясында өз  өнерпаздарымыз да сахнада өнер көрсетті. Фестиваль Алматы облысының тұрғындарына серпіліс сыйлау мақсатында демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылған. Осылай қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш, ұмытылмас әсер сыйлауға күш салдық,– деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев.

Облыс орталығында  өткен  ASPAN FEST мега фестивалінің жабылу салтатының сахна төрінде Қайрат Нұртас, «МузАРТ» тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Raim, Alem, сондай-ақ Зарина Омарова, Райым Уайс, Дана Кентай және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.

Фестиваль барысында көрермендерге арналған арнайы бағдарламалар мен сыйлықтар ойнатылып,  «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, мега фестивальдің жабылу салтанатына 15 мыңға жуық көрермен жиналып, белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Көрермендер биылғы ASPAN FEST мега фестивалінің жоғары деңгейде өткенін айтты.

Ерзат АСЫЛ