Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауыл шаруашылығы – басты бағыт

Ауыл шаруашылығы – басты бағыт

23 қаралым

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданының тұрғындарымен есепті кездесуінде облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен екенін айтты. Осы салада өндірілген жалпы өнім көлемі бойынша Алматы облысы 11,6% үлеспен республикада Түркістан облысынан кейін екінші орында. Өсімдік шаруашылығында өңір бірқатар негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру бойынша республикада жетекші орындарға ие. Мәселен, өрік, жүгері және таңқурай өндіруден – 1-орында. Қырыққабат, асқабақ, баклажан, бұрыш, тұқымды және сүйекті жемістер, көкөністер, алма, алмұрт, алхоры, жаңғақ және соя өндіруден 2-орында. Ал күріш, қызылша, пияз, қызанақ, қияр және шие өндіруден – 3-орында. Мал шаруашылығы бойынша да облыс жақсы көрсеткіштерге ие. Ет өндіруде – 1-орында, құс саны бойынша – 2-орында, қой мен ешкі саны бойынша – 3-орында, жұмыртқа өндіруден – 4-орында, сүт өндіру және ірі қара мал басы бойынша – 5-орында. – Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 435,5 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,6 мың гектарға ұлғайды. Райымбек ауданында егіс көлемі 2,7 мың гектарға ұлғайып, 42,6 мың гектарға жетті. Қазір облыста егін орағы қарқынды жүріп жатыр. Жинау науқаны 24 шілдеде басталып, бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдардың 47%-ы орылып, 181,7 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік — гектарына 21 центнер. Сонымен қатар, 46,5 мың тонна картоп, 211,7 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 7,7 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Алдағы негізгі міндет – егін жинау қарқынын төмендетпей, қалған алқаптардағы өнімді белгіленген мерзімде толық жинап алу және астықтың сапасы мен сақталуын қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығын дамытуда тағы бір маңызды бағыт – суармалы жерлерді тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу. Соңғы төрт жылда облыста суару желілерін жаңартуға 16,3 млрд теңге бөлінсе, оның 5,2 млрд теңгесі Райымбек ауданына тиесілі. Бұл жобалар ауданда 5,8 мың гектар суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік береді.Бүгінде облыста су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің 41,2% енгізілген, ал Райымбек ауданында бұл көрсеткіш небәрі 18,2%-ті құрайды. Суды пайдалану кезінде оның 40-50 процентке дейін ысырап болатынын ескерсек, су үнемдеу технологияларын енгізу – жай ғана экономикалық емес, стратегиялық мәселе. Сондықтан алдағы уақытта суармалы жерлерді заманауи технологиялармен барынша қамтуымыз қажет, – деді облыс әкімі.Ауыл тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және аграрлық бизнесті дамыту мақсатында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы 2,5 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күні 2,2 млрд. теңгесі игерілді. Облыс бойынша берілген 196 несиенің ішінде Райымбек ауданына 117,6 млн. теңгеге 16 несие берілді. 2026 жылы кооперативтерді дамытуға 10,8 млрд теңге қарастырылған. Оның аясында 144 кооператив құру жоспарлануда, оның 93-і қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, кооперативтердің қызметін әртараптандыру, оның ішінде ауыл туризмін дамыту көзделіп отыр. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Райымбек ауданында 3 326 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл облыстық көрсеткіштің 2,5%-ын құрайды. Бірінші тоқсанда ауданда 5 814 адам жұмыспен қамтылды.Биыл облыста бизнесті қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттерден 23,4 млрд. теңге қарастырылды. Жыл басынан бері облыста 1 838 жоба қаржыландырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.