Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 21 отбасы баспана бақытына кенелді. Олардың барлығы – әлеуметтік осал топ санатына жататын көпбалалы аналар, қамқоршысынан немесе ата-анасынан айырылған жандар және ерекше қажеттілігі бар азаматтар. Тұрғындар қуанышына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ортақтасып, сужаңа баспана кілтін тарту етті.
Аймақ басшысы өз сөзінде азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде өңірде пәтер кезегінде тұрған 74 839 азамат бар. Оның ішінде Талғар ауданы бойынша 10 мыңға жуық адам тіркелген. Соңғы екі жылда Талғар ауданында 459 пәтер сатып алынған. Оның 252-сі өз иелеріне берілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз. «Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Әр отбасының өз шаңырағы, өз үйі болғаны – елдің әл-ауқатының жақсарғанының бір көрсеткіші екені анық», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында дәстүрлі түрде бата беріліп, шашу шашылған соң жиналған қауым пәтерлерді аралап көрді. Баспаналы болған тұрғындардың бірі – 6 баланың анасы Гүлмира Құдайбергенова.
– 2012 жылдан бері үй кезегінде тұрып, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Алты перзентім бар. Бір балам ерекше болып дүниеге келді. Жаңа пәтеріміз көңілімізден шықты. Іші кең, жарық әрі жайлы. Баспаналы болатынымды алғаш естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Қатты толқыдым. Балаларымның да қуанышында шек жоқ. Осындай мүмкіндік сыйлаған жандарға алғыс айтамын, – деді тұрғын.
Айта кетейік, өткен жылдан бері өңірде 3181 пәтер сатып алынып, осы уақытқа дейін оның 2536-сы әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға үлестірілген. Одан бөлек жыл соңына дейін тағы 645 пәтер кілті табысталады. Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС