Перейти к содержимому
Главная страница » Білім берудегі тың бастама

Білім берудегі тың бастама

Алматы облысында білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы аясында «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында 46-шы панельдік сессия өтті. Еңбекшіқазақ ауданында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға 1500-ге жуық педагог қатысып, жаңа оқу жылындағы білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін талқылады.

Панельдік сессияларды облыстық білім басқармасы мен әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Кездесулер Есік қаласындағы №6 қазақ орта мектеп-лицейі, Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебі, Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжі және Алмалы ауылындағы И.Шорманов атындағы орта мектеп базасында өтті.
Панельдік сессияларда мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жалпы орта, қосымша, инклюзивті және техникалық-кәсіптік білім беруге дейінгі көптеген бағыт қамтылды. Қатысушылар білім сапасын арттырудың тиімді тәсілдері, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, цифрлық ресурстар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, қауіпсіз әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру, тәрбие жұмысының жаңа мазмұны және білім беру ұйымдарын тиімді басқару мәселелерін ортаға салды.
Сессия барысында сөз алған облыстық әдістемелік орталығының дирек­торы Гүлжихан Иманхатова: «Соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артып жатыр. Осы орайда инклюзивті білім беруді тиімді ұйымдастыру, әр баланың тең құқылы, кедергісіз, сапалы білім алуына жағдай жасау жолдары сынды өзекті мәселе туындап отыр. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына KPI жүйесін енгізуге қатысты бір жыл бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін де талқылау маңызды», – деді .
Сессиялардың бір бөлігі «Келешек мектептерін» дамыту мен басқаруға арналып, жаңа мектептердің білім сапасын арттырудағы рөлі, халықаралық тәжірибе, Конституциялық құндылықтарға негізделген басқару, жасанды интеллект дәуіріндегі мектеп көшбасшылығы және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелері талқыланса, енді бірінде тәрбие бағыты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім беру үдерісіне кіріктіру, оқушылардың өзін-өзі басқаруы, отбасы мен мектеп арасындағы серіктестік мәселелеріне басымдық берілді.
Пән мұғалімдеріне арналған сессияларда функционалдық және оқу сауаттылығын дамыту, тілдерді оқытудың заманауи әдістері, STEM-білім беру, робототехника, бағдарламалау және жасанды интеллект технологияларын сабақта тиімді пайдалану тәжірибелері ұсынылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеу, өндіріс пен бизнестің ықпалдастығын күшейту, студенттердің практикалық дағдыларын дамыту мәселелері сөз болды.
«Алматы облысында техникалық және кәсіптік білім берудің басты бағыты – еңбек нарығының сұранысына сай білікті маман даярлау. Осы мақсатта мемлекеттік тапсырыс өңірдің экономикалық қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылып, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс нығайтылған. Еңбек нарығының жаңа талаптарына сай «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Газбен қамтамасыз ету жабдық­тары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» сияқты жаңа мамандықтар енгізілді. Алдағы уақытта бірқатар колледждерде ветеринария, электромеханика, газбен қамтамасыз ету және бағдарламалық кешендер бағыттарын дамыту көзделген», – дейді Алматы облыстық колледждері директорлар кеңесінің төрағасы, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бозымбекова. 
Биылғы панельдік сессиялардың ерекшелігі – теориялық талқылаумен шектелмей, нақты тәжірибе мен практикалық шешімдерге мән берілуі. Тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен сала мамандары өздерінің авторлық әдістемелері мен басқару тәжірибелерін таныстырды. Ашық пікірталас форматында өткен кездесулер педагогтерге өзара тәжірибе алмасып, жаңа оқу жылындағы жұмыстың басым бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді.
Іс-шараның жалғасы ретінде әдіскерлерге арналған «SMART METHOD AI» әдістемелік хакатоны (мәселелерді шешу бағытындағы жарыс) ұйымдастырылды. Хакатон барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеудің және білім беру үдерістерін басқарудың жаңа цифрлық шешімдерін әзірлеу көзделді.
Тамыз конференциясы аясындағы басқосулардың қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіруге, оқыту мен тәрбие сапасын арттыруға және педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Алматы облысында жаңа оқу жылын жаңа міндеттермен қарсы алған білім саласы өкілдерінің басын қосқан бұл жиын – тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, өңірдегі білім берудің сапасы мен мазмұнын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды кәсіби диалог болды.

Құралай Мұратқызы

Еңбекшіқазақ ауданы