Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бір ғимаратта екі сайлау учаскесі

Бір ғимаратта екі сайлау учаскесі

45 қаралым

Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындағы мектептердің бірқатарында екі сайлау учаскесінен орналасқан. Солардың бірі – жүз жылға жуық тарихы бар Тұрар Рысқұлов атындағы білім шаңырағы. Мұнда №263 және №264 сайлау учаскелері жұмыс істейді.
Мектептің бір бөлігінде орналасқан №263 сайлау орнында 2589 сайлаушы, ал негізгі корпустағы №264 учаскеде 2738 сайлаушы өз таңдауларын жасауда. Барлығын қосқанда бұл ғимаратта ертеңгі сағат 7.00-ден бастап кешке дейін 5300-ден астам азаматтың саяси таңдауы анықталуға тиіс. Жұмыс, әрине, өте ауқымды. Жауапкершілікті сезінген екі комиссияның мүшелерінде тыным жоқ. Азаматтардың заңға сәйкес дауыс беру тәртібінің сақталуы, жеке адамның құқығының бұзылмауы үшін әр сәтті қалт жібермеуге тырысып жатқанына куә болдық.
Бұл мектепте 2 мыңнан астам оқушы білім алады, оларға 200-ден аса мұғалім дәріс береді. Мектеп директоры Гүлжан Рахымбекқызының өзі №264 сайлау учаскесінің төрағасы ретінде жауапты саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, дұрыс өткізілуі үшін басы-қасында жүр. Сол сияқты екінші учаскенің жұмысына Гүлмира Базарқұлова жетекшілік етеді. Олар дауыс беру үрдісі қалыпты өтіп жатқанын, азаматтар белсенді келіп жатқанын айтты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы