Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Департаменттің қолдауымен тұтынушыға терезе дайындау және орнату бойынша орындалмаған тапсырыс үшін 1,9 млн теңге қайтарылды

Департаменттің қолдауымен тұтынушыға терезе дайындау және орнату бойынша орындалмаған тапсырыс үшін 1,9 млн теңге қайтарылды

31 қаралым

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматша терезе дайындау және орнату жөніндегі шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты шағыммен жүгінді.

Өтініште көрсетілгендей, тұтынушы мен орындаушы арасында жалпы құны 1 900 000 теңге болатын терезелерді дайындау және орнату туралы шарт жасалған. Тұтынушы төлемді уақтылы жүзеге асырғанымен, орындаушы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Сонымен қатар тұтынушының өтініштеріне жауап бермеген.

Өз құқықтарын қорғау тәртібін білмеген және туындаған дауды өз бетінше шеше алмаған тұтынушы Департаменттен көмек сұраған.

Департамент мамандары өтініш берушіге тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәртібін түсіндіріп, сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмек көрсетті, сондай-ақ орындаушының мекенжайын анықтап, талап-арызды тиісті түрде табыстауға жәрдемдесті.

Бұдан бөлек, Департамент қызметкерлері орындаушымен Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтау және тұтынушы алдындағы шарттық міндеттемелерін орындау қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен шешілді. Орындаушы жеке жағдайларына байланысты тапсырысты орындай алмағанын хабарлап, тұтынушыға 1 900 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты толық қайтарды.

Тұтынушы Департамент мамандарына көрсетілген көмек және бұзылған құқықтарын жедел қалпына келтіруге ықпал еткені үшін алғысын білдірді.

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ескертеді: егер тұтынушы ретінде сіздің құқықтарыңыз бұзылса, консультациялық және құқықтық көмек алу үшін аумақтық Департаментке жүгіне аласыз. Мамандар қажетті әрекеттер тәртібін түсіндіріп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде дауды реттеуге жәрдем көрсетеді.

    Дина    СЕНБАЕВА,

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің

Алматы облысы бойынша сауда және

тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің бас маманы.