Интернеттің мүмкіндігі артқан сайын алаяқтардың тәсілдері де өзгеріп келеді. Қазір қылмыскер міндетті түрде адамның есігін қағуы немесе көшеде жолын тосуы қажет емес. Бір телефон қоңырауы, жалған сілтеме немесе әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы-ақ азаматтың ақшасына қол жеткізуі мүмкін.
Алаяқтар өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырып, адамды асықтыруға тырысады. «Шотыңызға қауіп төніп тұр», «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сөздер азаматты абдыратып, ойланбастан әрекет жасауға итермелейді.
Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – асықпау. Бөгде адамға банк картасының нөмірін, құпия сөзді, бір реттік кодты бермеу керек. Күмәнді сілтемелерге өтпей, ақпаратты ресми арналар арқылы тексерген жөн.
Интернеттегі қауіпсіздік – тек технологияны білу емес, кез келген ақпаратқа сын көзбен қарау.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
