Перейти к содержимому

ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

63 қаралым

Құрылтай сайлауы – елдің болашағын айқындайтын маңызды сәт. Осыған орай Кеген ауданында өткен саяси науқанға аудан тұрғындары өздерінің азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетуде.
Өңірдегі белгілі тұлғалар да маңызды науқаннан шет қалмады. Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, қазақ күресінен Азияның үш дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәліп Бауыржан, сондай-ақ бірқатар мекеме басшылары Ө. Жаңабаев атындағы орта мектепте орналасқан №558 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Қоғам алдында абырой-беделі жоғары азаматтардың сайлауға қатысуы халықтың саяси белсенділігін арттырып, елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды.
– Сайлауға қатысып, дауыс беру – кемел келешегіміздің іргетасын қалайтын маңызды саяси үдеріске қосқан үлес. Әр дауыс маңызды, әр таңдау – елдің ертеңіне деген сенімнің көрінісі, – деді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Елдік мүддені бәрінен биік қоятын мұндай саяси науқанда әр азаматтың таңдауы мемлекет дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам екені сөзсіз. Сондықтан халықтың белсенділігі мен жауапкершілігі – демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы