Перейти к содержимому

Ең қарапайым қорғаныс – асықпау

2 қаралым

Телефон шырылдайды. Бейтаныс адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. «Шотыңызға қауіп төніп тұр», «қазір кодты айтыңыз», – дейді. Адам асығып, айтқанын орындауы мүмкін. Бірнеше минуттан кейін есепшоттағы ақша жоқ.

Интернеттегі алаяқтардың басты қаруы – технология ғана емес, адамның сеніміне кіру тәсілі. Олар қорқытады, асықтырады немесе керісінше, үлкен пайда ұсынады.

Қаржы пирамидалары да осы психологиялық тәсілді пайдаланады. «Аз ақша салып, көп табыс табасыз», «таныстарыңызды шақырсаңыз, кірісіңіз көбейеді» деген ұсыныстар бастапқыда тартымды көрінуі мүмкін. Бірақ тұрақты әрі шектен тыс жоғары табыс уәдесі – сақ болуға себеп.

Ең қарапайым қорғаныс – асықпау. Банк қызметкері ешқашан телефон арқылы құпия кодты талап етпеуі тиіс. Бейтаныс сілтемеге өтпей, күмәнді қосымшаны жүктемей, қаржылық ұсыныстың заңдылығын тексеру қажет.

Интернеттегі алаяқтықтан қорғану үшін арнайы білімнен бұрын бір әдет керек: сенбес бұрын тексеру.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ