Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Еркіндік пен тәуелсіздік жолындағы таңдау

Еркіндік пен тәуелсіздік жолындағы таңдау

65 қаралым

Бүгін Құрылтай депутаттарын сайлауға Алматы облысына аты мәлім, құсбегілік өнерде айрықша жетістіктерімен танылған белгілі бүркітші Бекнияз Қуанышбаев та қатысты.

Республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы өз таңдауын Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылдық округіндегі №216 сайлау учаскесінде жасады.

Бекнияз Қуанышбаевтың айтуынша, бүкілхалықтық сайлау мен ұлттық дәстүрді сақтау – қоғамды топтастырып, ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін ортақ құндылықтар.

– Құсбегілік өнерінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Бүркітшінің шеберлігі – атадан балаға, атаның немересіне жалғасып келе жатқан асыл мұрамыз. Әрбір қазақстандық үшін бүркіт, тазы мен төбет – қазақ даласының, көшпелі өркениеттің шежіресінен орын алған тірі нышандар. Ал қазіргі құсбегілердің міндеті – ұлттық мақтанышымыз саналатын «саятшылық» дәстүрін кейінгі ұрпаққа аманат ету, – дейді Бекнияз Қуанышбаев.

Қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрі – ұлттың рухани негізі. Бүркіттің еркіндік пен тәуелсіздіктің символы саналуы да бекер емес. Құсбегінің пайымынша, әр азаматтың бүгінгі таңдауы елдің болашағы мен ұлттық болмысының сақталуына өз ықпалын тигізеді.

– Қазақстан – тарихы терең, дәстүрі бай мемлекет. Сондықтан оның болашағына әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бүркіт еркіндік пен тәуелсіздіктің символы болса, біздің таңдауымыз да ұлттық болмысымызды сақтауға бағытталуы тиіс. Дауыс беру арқылы біз азаматтық борышымызды ғана орындамаймыз, балаларымыздың болашағына әсер ететін шешім қабылдаймыз, – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Сайлау жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін ұйымдастырылуда. Оған сәйкес, Құрылтай елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын бір палаталы жоғары өкілді орган ретінде белгіленді.

Ел азаматтары бес жыл мерзімге 145 Құрылтай депутаттарын сайлайды. Барлық мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Сайлауға жеті саяси партия қатысуда, олардың тізімінде 545 кандидат тіркелген.

Дауыс беру үшін елімізде және шетелде барлығы 10 427 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 82-сі 64 мемлекетте орналасқан. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау науқаны басталған кезде сайлаушылар тізіміне 12,5 миллионнан астам азамат енгізілген.