Цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат іздеу, сауда жасау, банк операцияларын орындау, қызметтерді онлайн алу – барлығы бірнеше батырманы басу арқылы жүзеге асады. Алайда технологияның дамуы алаяқтардың да жаңа тәсілдерді пайдалануына мүмкіндік беріп отыр.
Интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – жалған қоңыраулар мен хабарламалар. Алаяқтар өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырып, азаматтарды асықтыруға тырысады. «Шотыңыз бұғатталды», «күдікті операция жасалды», «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сөздер арқылы адамның үрейін пайдаланады.
Мұндай жағдайда ең бастысы – асықпау. Банк картасының құпия деректерін, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпау керек. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды жүктемеу де маңызды.
Қаржылық пирамидалар да азаматтардың қаражатына қауіп төндіреді. Әдетте мұндай жобалар қысқа уақытта мол табыс табуға уәде береді. Алайда нақты экономикалық негізі жоқ, жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен пайда табуға құрылған схемалар азаматтарды қаржылық шығынға ұшыратуы мүмкін.
Сондықтан кез келген инвестициялық ұсынысты мұқият тексеру қажет. Компания туралы ақпаратты зерттеп, оның қызметінің заңдылығына көз жеткізбей ақша аудармаған жөн.
Интернеттегі қауіпсіздік ең алдымен адамның өзінен басталады. Цифрлық сауаттылық жоғары болған сайын алаяқтардың арбауына түсу ықтималдығы да азаяды.
Бір сәттік сенім кейде үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан виртуалды әлемдегі қауіпке де шынайы өмірдегідей сақтықпен қарау қажет.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

