Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Инвестиция тарту – ортақ игілік

Инвестиция тарту – ортақ игілік

17 қаралым

Экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі – инвестиция тарту. Бұл бағытта Алматы облысының мүмкіндігі жоғары. Өйткені облыстың географиялық орналасуы, өндірістік әлеуеті, көлік-логистикалық мүмкіндіктері инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. 2022 жылдан бері инвестиция көлемі 2,2 есеге өсіп, көлемі бойынша республикада 5-орынға көтеріліп отыр. Бұл туралы Райымбек ауданында есептік кездесу өткізген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтып өтті.

– Жыл басынан бері 664,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 16,4%-ды құрады. Инвестицияның шамамен 90%-ы жеке капиталға тиесілі. Бұл кәсіпкерлік орта тарапынан облысқа деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 1 трлн 590 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 8 трлн теңгені құрайтын 283 жобадан тұрады. Бұл жобалар аясында 156 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл жалпы құны 767 млрд теңге болатын 112 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Оның аясында11,1 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде 122,4 млрд теңгенің 36 жобасы іске қосылып, 2 659 адам жұмыспен қамтылды, – деді облыс әкімі баяндамасында. Сонымен қатар Марат Елесізұлы Райымбек ауданы бойынша жыл басынан бері 4,5 млрд теңге инвестиция тартылғанын, биылғы жылы құны 4,9 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылатынын атап өтті. Олар – «Tekes Falls» суды бөтелкеге құюға арналған өндірістік цех, «Narynqol Mai» полиэтилен құбырлары мен тамшылатып суару таспаларын өндіретін зауыт, «QARASAZ MILK» ірі қара және ұсақ мал терілерін өңдейтін кәсіпорын, «Нарын Голд» «Жарқұлақ» кен орнында алтын өндіруді қалпына келтіру және өңдеу өндірісін жаңғырту. Облыс әкімі ауданның инвестиция тарту мүмкіндігі мол екенін, соны толықтай пайдалану керектігін айта келіп, аудан үшін инвестиция тарту – қосымша бағыт емес, негізгі міндеттердің бірі болуы тиістігін жеткізді.

– Әрине, ауданның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Бірақ бұл өнеркәсіптік өндірісті дамытуға мүмкіндік жоқ деген сөз емес. Керісінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібін, шағын өндірістерді, құрылыс материалдарын және басқа да бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар. Сондықтан аудан әкімдігіне жаңа инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және кәсіби кадрларды даярлау арқылы өндірістік мүмкіндіктерді арттыру қажет, – деді. Аудан әкімдігіне инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейтіп, жылдық жоспардың толық орындалуын қамтамасыз ету, инвесторларға сүйемелдеу көрсету және жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды.