Қонаев қаласында қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы қала әкімі Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді.
Қала әкімінің айтуынша, инвестиция тарту – Қонаевтың экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда қаланың инвестициялық портфелінде жалпы құны 435 млрд теңгені құрайтын 42 жоба бар. Оның ішінде 14 жоба бүгінде іске асырылып жатыр, қалғандары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Сол жобалардың бірі – 11 млрд теңге көлеміндегі инвестиция есебінен салынатын қоқыс өңдеу зауыты. Қазіргі уақытта зауыттың жобалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаны алдағы екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
«Қалада қоқыс өңдеу зауытының іске қосылуы қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қалдық көлемін азайтуға және 70 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді Асхат Бердіханов.
Кездесуде инвесторлар есебінен жүзеге асып жатқан өзге де жобалар таныстырылды. Биыл жеке инвестиция есебінен Қонаев қаласында «Интермед Плюс» ЖШС-нің кардиологиялық орталығы ашылды. 3 млрд теңге инвестиция тартылған жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны құрылып, тұрғындарға жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға және сапалы медициналық көмек алуға жағдай жасалды.
Сонымен қатар қалада тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым бағытындағы инвестжобалар да жалғасуда. №10 шағынауданда «Самұрық» тұрғын үй кешені салынуда. Жобаны «Central Asia Construction Company» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Оның аясында 37 тұрғын үй, 8 коммерциялық нысан, 15 қабатты бизнес-орталық және балабақша бой көтереді. Биыл жыл соңына дейін әрқайсысы 160 пәтерден тұратын төрт тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның құны – 65 млрд теңге. Жалпы Қонаев қаласында жеке инвесторлар есебінен осы секілді 8 тұрғын үй кешені салынады.
Бұдан бөлек, инвесторлар қаражатына «Достық үйі» мен дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы жүргізілуде. Ал Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа алты әкімшілік ғимарат салынуда.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жөнделіп, 19 үйдің қасбеті жаңартылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аумақ абаттандырылуда. Сондай-ақ Ұлттық жоба шеңберінде ауыз су, кәріз және электр желілерін жаңарту жұмыстары жүзеге аспақ.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

