Перейти к содержимому

Маңызды қадам

39 қаралым

Alatau Hub пен Талғар ауданындағы Еңбекші ауылында орналасқан №39 орта мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум ұзақ мерзімді өзара іс-қимылды дамытуға және оқушылардың ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыруға, заманауи IT құралдарымен таныстыруға, цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыруға бағытталған бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруды көздейді.

– Заманауи цифрлық технологиялар мен IT экожүйесінің мүмкіндіктері тек студенттер мен кәсіпкерлерге ғана емес, мектеп оқушыларына да қолжетімді болғаны маңызды. Баланың мектеп жасынан бастап цифрлық дағдыларын дамытуға, технологияға деген қызығушылығын арттыруға және кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалып­тастыруға жағдай жасау қажет. Бірлескен жұмысымыз жаңа білім беру бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруға берік негіз болады деп сенемін, – деді Alatau Hub директоры Жазира Жұмахан.
Меморандум аясында тарап­тар цифрлық техно­логиялар, инновациялар және кәсіпкерлік бағыттары бойынша бірлескен іс-шаралар, білім беру бағдарламалары мен практикалық сабақтар өткізуді жоспарлап отыр. Оқушылар заманауи IT құралдарымен танысып, практикалық білім алып, болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік алады.
Ынтымақтастықтың негізгі бағытының бірі – мектеп пен IT экожүйесінің өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайту. Бұл формат білім беру ұйымының мүмкіндіктерін технологиялық қоғамдастықтың практикалық тәжірибесімен ұштастырып, оқушылардың білім алуы мен дамуына қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар ынтымақтастық адами капиталды дамытуға және өңірде инновациялық ортаны қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдауды көздейді. Бірлескен жұмыс жастарды цифрлық экономиканың талаптарына дайындауға бағытталған жаңа білім беру жобалары мен бастамаларын жүзеге асыруға негіз болады.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ