Перейти к содержимому

Парыз бен құқық

30 қаралым

Алты құрлықтың аспанынан тыныштық кеткелі біраз болды. Екі бірдей дүниежүзілік қан-қасап қырғын соғысты басынан өткеріп, ондаған миллион жазықсыз жанның өмірін жалмаған сұрапыл дәуір тарихтың еншісіне кеткелі де, міне, ширек ғасырдан асып барады. Асау аттай арындап, құмай құстай зулаған уақыт жұмыр жерді жайлаған жұмыр бас пенденің өмір сүру салтына түбірлі өзгерістер енгізді. Әлемнің алтыншы бөлігін қоныс еткен, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Кеңес одағы дейтін алып империя ыдырады.

Империяның сары жұртында пайда болған он бес тәуелсіз мемлекеттің бірі – Қазақ елінің егемендік айдынына шығып, өз бағытын айқындап, өз жолын анықтап, мемлекет ретінде даму, өсу, өркендеу кеңістігіне шыққанына, бұйырса, биыл отыз бес жыл болады.
Сын мен күреске толы отыз бес жыл!
Ұрпақ санасына шуақ пен қуатты қатар еккен, көлеңке мен күнгейдің додасына қатар түскен, Батыс пен Шығыстың ежелден белгілі ескі айтысына да қатар ілігіп, уақыт ұсынар күрмеуі қиын күрделі шешімдер шырмауынан жаңылмай шығып келе жатқан Қазақстан өз дамуының жаңа дәуіріне өтті.
Үстіміздегі 2026 жыл сол ұлт пен ұрпақ санасын жаңа дәуірді тануға, талдауға, бағыттауға, тәуекел айтып жол ашуға түбегейлі бет бұрған тарихи жыл болды.
Жалпыхалықтық референдум өтті.
Ұлы дала жұртшылығы осынау жаңа дәуірде өзінің адамзат көшінің алдыңғы легінен көрініп, өмір сүру, замана талабына сай ғұмыр кешу мүмкіндігін қамтамасыз етер жаңа Ата Заңын қабылдады.
Енді, міне…
Сол жалпыхалықтық референдум қабылдаған жаңа Ата Заң нормаларына сәйкес Ұлттық парламенттің бір палаталы демократиялық жаңа үлгісі – Құрылтай құрамын анықтайтын жалпыхалықтық сайлауы өтті.
Қазақ елінің ондаған ғасырлар бойы ел басқаруының шынайы халықтық демократиялық далалық үлгісі болып келген көне құрылым заман талабына сай жаңарып, жаңғырып қоғам игілігіне қызмет етер ұлттық мемлекеттің құрамына қайыра оралғалы отыр.
Жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі орны мен өмір сүру салтын, бейбітшіл қалпын қамтамасыз етуде орны айрықша «ықпалды» билік мектебінің құрамы анықталар сәт сын үстінде тұр! Сын үстінде ертеңгі халық ойы мен халық сөзін айтып қана қоймай, айтылған ой мен сөздің жүзеге асу, орындалу тетігін білетін партияны таңдау тұр! Көппартиялы Құрылтай сайлауының басты мақсаты да осы!
Ендеше…
Бүгінгідей тынышы кетіп, жер үстін сұрапыл соғыстың елесі кезіп жүрген кезеңде қазақ елінің саналы ғұмыры мен сәулелі болашағына қызмет етер Құрылтай құрамын анықтай білуіміз керек!
Демек…
Бұл сайлау саяси партиялардың бүгінгі додасына баға беру ғана емес, ел бүгіні мен ертеңі жауапкершілігін, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тағдырын жүрегіне жүк етіп арқалаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жаңа дәуірді қамтамасыз ету үшін күресе білер парасатты, ойлы, білімді, ұлтжанды, отаншыл, технологияның бес қаруымен қаруланған тегеурінді құрам болуы тиіс!
Бойынан көпғасырлық Ұлы даланың кемеңгерлігі мен бүгінгі адамзат өркениетінің өрісі қатар көрінер Құрылтайға дауыс беру арқылы әрқайсымыз азаматтық парызымызды атқардық. Бұл – біздің конституциялық құқығымыз! Парызымыз бен құқығымыздың алдында адал болдық деп білемін.

Нұрлан Оразалин,
ақын-драматург,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты