Перейти к содержимому
Главная страница » Президенттің таңдаулы қанатты сөздері жинақ болып жарық көрді

Президенттің таңдаулы қанатты сөздері жинақ болып жарық көрді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты таңдаулы қанатты сөздер жинағы жарық көрді. Басылымға Мемлекет басшысының 1990-жылдардан бергі сөйлеген сөздерінен, мақалалары мен жарияланымдарынан алынған негізгі дәйексөздер топтастырылған.Кітап 21 тақырыптық бөлімнен тұрады. Жинаққа енген материалдар төрт онжылдыққа жуық уақытты қамтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару, экономика, қоғамдық жауапкершілік, білім, мәдениет және халықаралық қатынастар жөніндегі көзқарастарының қалыптасу жолын айқын көрсетеді.

Жинақтағы басты тақырыптардың бірі – адам құндылығы және оның ел дамуындағы орны. «Адам – біздің ең басты байлығымыз, экономикалық және қоғамдық прогрестің негізгі қозғаушы күші», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қазанда өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыру салтанатында. Бұл ой Президенттің көптеген сөздерінің өзегіне айналған. Онда мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен, өндіріс көлемімен немесе ауқымды жобалармен ғана емес, ең алдымен азаматтардың әл-ауқатымен өлшенетіні айтылған. Халықтың өмір сүру сапасы, сапалы білім алуы, жұмысқа орналасуы, қабілетін жүзеге асыруы және мемлекет тарапынан қолдау көруі басты назарда.Жинақта биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігіне де ерекше мән берілген.«Халықтың мәселесін шешу – бүкіл мемлекеттік аппараттың тікелей әрі басты міндеті», – дейді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың күнделікті мәселелерінің қаншалықты жедел әрі әділ шешілетінімен бағалануға тиіс. Әңгіме жол, ауызсу, тұрғын үй, мектеп, медициналық көмек, жұмыспен қамту және халық күн сайын бетпе-бет келетін өзге де өзекті мәселелер туралы болып отыр. Сонымен қатар орындаушылық тәртіп пен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігіне айрықша назар аударылады.

Кітапта қоғамдық диалог мәдениеті де кеңінен қозғалған. Әлеуметтік желілер дәуірінде кез келген пікір санаулы минут ішінде көпшілікке таралатындықтан, айтылған сөзге жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті.

«Сөздің жігерлендіретін де, көңілге қаяу түсіретін де, кейде тіпті жанға жара салатын күші бар екенін әрдайым есте ұстау қажет», – дейді Президент. Бұл ой тек саясаткерлерге, журналистерге немесе қоғам қайраткерлеріне ғана емес, қоғамдық өмірге қатысатын әрбір азаматқа арналған. Себебі сөз адамға демеу болып, жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыра алады, қиындықтан шығудың жолын көрсетуі мүмкін. Ал ойланбай айтылған сөз сенімсіздік туғызып, дау-жанжалға себеп болуы ықтимал. Жинаққа кез келген мемлекеттің алдында кездесетін қиындықтар туралы пайымдар да енгізілген.

«Мәселесіз мемлекет болмайды. Ең бастысы – туындаған мәселелерді дер кезінде шеше білу. Алдымызға әрдайым биік мақсат қояйық», – деген болатын Мемлекет басшысы Екібастұз қаласында өткен моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте. Мұндағы негізгі ой – мемлекеттің өзекті мәселелерді дер кезінде байқап, нақты шешім қабылдап, басталған істі соңына дейін жеткізе білуінде. Сонымен бірге шешімін күткен түйткілдердің болуы үлкен мақсаттардан бас тартуға себеп болмауы тиіс. Жинақты құрастырушылар дәйексөздерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және дипломатиялық қызметінің әр кезеңі арасындағы сабақтастық айқын көрінетіндей етіп жүйелеген. Адам капиталы, биліктің жауапкершілігі, сөз құдіреті, орындаушылық тәртіп пен үздіксіз даму идеясы әр жылдардағы сөздерінде бірін-бірі толықтырып отырады. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атауы жинақтың негізгі мазмұнын дәл бейнелейді. Ол елдегі ахуал, өзекті мәселелер және алдағы мақсаттар жөніндегі ашық әрі шынайы пікірдің әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызын көрсетеді. Алдағы уақытта кітап таралымын қоғамдық кітапханаларға, жоғары және орта оқу орындарына, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтарына тарату жоспарланып отыр. Жинақ мемлекеттік қызметшілерге, педагогтерге, студенттерге, зерттеушілерге және Қазақстанның даму бағыты мен заманауи мемлекеттік басқару қағидаттарына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

Өз тілшіміз.