Абай Құнанбайұлы – ұлтымыздың ғана емес, адамзат өркениетінің ортақ құндылығына айналған кемеңгер тұлға. Шығыс пен Батыстың рухани қазынасын тоғыстырған хәкім шығармалары уақыт өткен сайын жаңа қырынан танылып келеді. Сондықтан Абай мұрасы – бүгінгі қоғамды да, келешекті де жарқын жолға бастайтын темірқазық.
Егеменді еліміздің рухани жаңғыру жолында Абай ілімі тәрбие мен білімнің, мәдениет пен адамгершіліктің сарқылмас қайнар көзі ретінде бағаланады. Ұлы ақынның шығармалары жас ұрпақты ізгілікке бастайтын өмірлік қағидаларға толы. Бұл бағыттағы мемлекеттік ұстаным да айқын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын дәріптеуді әрдайым елдің рухани дамуының маңызды бағыты ретінде атап көрсетіп келеді.
Әсіресе Президент Абайдың Қара сөздеріне ерекше мән береді. «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығында ұлттық кітап нышаны ретінде хәкімнің Қара сөздері бекітілгені сондықтан. Расында, бұл еңбек – бір адамның өмірлік тәжірибесінің жиынтығы ғана емес, қазақ дүниетанымының терең философиялық тұғыры. Онда адам болмысы, ар-ождан, ұлт тағдыры жөніндегі терең ойлар тоғысқан. Сондықтан Қара сөздер – халқымыздың рухани коды, ұлттық сананы жаңғыртатын өмірлік мектеп.
Соңғы жылдары елімізде кітап оқуға деген қызығушылықтың қайта жанданғаны бәрімізді қуантады. Осы рухани қозғалыстың өзегінде Абай шығармаларының тұруы – заңдылық. Өйткені Абайды оқу арқылы адам өзін таниды, ойлау мәдениетін қалыптастырып, рухани кемелденеді.
Президенттің бастамасымен 10 тамыз – Абай күні болып белгіленіп, мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл – ұлт руханиятына деген елдік құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысының: «Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз», – деген тұжырымы өміршең бағдар болып қала береді.
Осы мақсатта Абай күніне орай облыстың барлық аудан-қалаларында ұлы ақынның мол мұрасын кеңінен насихаттайтын рухани шаралар жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл да сол игі шаралар жалғасады. Атап айтқанда, Мәдениет үйлерінде «Абай әлемі – ұрпаққа аманат», «Абай – даналықтың бұлағы», «Адамзаттың Абайы» атты поэтикалық-сазды кештер ұйымдастырылып, ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалады. Театр ұжымдары әдеби-сазды композиция мен спектакльдер арқылы көрерменді хакім өмірінің өнегесімен қауыштырады.
Кітапханалар мен музейлерде «Абай мұрасы – халық ұлағаты», «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе», «Абай – ғұлама ақын»
атты кітап көрмелері, поэзия сағаттары, әдеби кештер, тұлғатану дәрістері, шығармашылық кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Бұл шаралар барысында ақынның әдеби мұрасы ғана емес, оның ағартушылық қызметі, ұлттық ой-сананы қалыптастырудағы рөлі, қара сөздерінің тәрбиелік мәні кеңінен насихатталады.
Жас ұрпаққа арналған бағдарламалар да мазмұнды. Оқушылар мен студенттердің қатысуымен Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу байқаулары, ақын әндерін орындаушылар фестивалі, әдеби композициялар мен зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, жастардың ұлттық әдебиетке, төл мәдениетке деген қызығушылығы артады. Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі – «Көзімнің қарасы» атты салтанатты концерт. Онда Абайдың әндері мен сөзіне жазылған шығармалар орындалып, өнерпаздар көрерменге тағылымы мол рухани кеш сыйлайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа тарихи даму кезеңіне қадам басты. Уақыт талабына сай мемлекетіміз Әділетті Қазақстан құру идеясын басты бағдар ретінде айқындап, саяси, құқықтық және әлеуметтік реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямыз қабылданды. Ата Заңға енгізілген өзгерістер әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашады. Заң мен тәртіпті сақтау, адамның қадір-қасиетін құрметтеу, еңбекқорлық пен жауапкершілікті дәріптеу, табиғатты аялау, азаматтық белсенділік пен отаншылдықты нығайту – ұлттық құндылықтармен үндесіп жатқан өмірлік ұстанымдар.
Осы реформалардың негізі Абай тағылымынан бастау алатыны ақиқат. Хәкім халықты білімге, еңбекке, әділетке, жауапкершілікке, ар тазалығына үндеді. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті жаһандану дәуірінде бұрынғыдан да терең мәнге ие. Абай аңсаған «толық адам» тұжырымдамасының өзегінде тұтас қоғамның жауапкершілігі, заңға құрметі, еңбекке адалдығы мен елге қызмет ету мұраты жатыр. Хәкімнің бір жарым ғасыр бұрын айтқан ойлары бүгінгі күнмен де үндесіп жататыны сондықтан.
Абайды оқу арқылы болашақты бағдарлаймыз. Абай күні әр азаматтың рухани ізденісіне, өзін-өзі жетілдіруіне жол ашып, елімізді өркениет көшіне бастайды. Өйткені ақын мұрасы – руханияттың алтын қазығы.
Төлеген Кенжебеков,
Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

