Шекара өңірінде жаңа оқу жылының қарсаңындағы «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. Ел шебін күзетіп жүрген шекарашылар бұл жолы шекара шебінен аудан орталығына бет бұрып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетті. Бүгінде ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының жеке құрамы 20-ға жуық баланы жаңа оқу жылына дайындауға атсалысты.
31 тамызға дейін жалғасатын игі бастамаға алғашқылардың бірі болып шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобы үн қосты. Үнемі елдің шетінде, желдің өтінде жүретін сарбаздар үшін шекарадағы кезекті тапсырманың орны бөлек еді. Бұл жолы олардың бағыты шекара шебі емес, аудан орталығы болды. Мақсаттары – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан үш баланың жаңа оқу жылына алаңсыз қадам басуына жағдай жасау.
Балаларды аудан орталығындағы дүкендердің біріне ертіп барған шекарашылар оларға қажетті заттарды өз таңдауларымен алуға мүмкіндік берді. Мектеп формасы, аяқкиім, портфель, кеңсе тауарлары – жаңа оқу жылына керек-жарақтың барлығы назардан тыс қалмады. Балалардың жанында басқарма клубының бастығы сержант Раушан Джанабаева бастаған сержант Димаш Чапаев, кіші сержант Ерқат Бидәулет, келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгерлері Дильшат Қасымов пен Бекзат Рысбек жүрді. Ел шебіндегі талай күрделі тапсырманы еңсеріп жүрген әскери қызметшілер үшін мұндай міндет сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оның жауапкершілігі өзгеше еді. Өйткені бұл жолы олар шекара шебін емес, бала көңілін күзетуге келгендей.
Дүкен ішіндегі балалардың әрбір қадамы шекарашылардың назарында болды. Бірі өзіне ұнаған портфельді таңдаса, енді бірі мектепке киетін киімін қызыға қарап жүр. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен толқыныс әскери қызметшілерге де ерекше әсер сыйлады. Себебі бала үшін жаңа оқу жылы – жаңа үміттің, жаңа арманның бастауы. Ал сол арманға аз да болса себепкер болу – үлкен жауапкершілік.
Арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының бастамасы басқарма көлеміндегі ортақ іске ұласты. Шекара басқармасының бөлімдері де «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 10-нан астам баланы жаңа оқу жылына дайындады. Оқушыларды қажетті киім-кешек пен оқу құралдары қамтамасыз ету арқылы олардың ата-аналарына қолдау көрсетті.
Осылайша, шекарашылардың игі бастамасы Райымбек ауданында 20-ға жуық баланың жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алуына жол ашты. «Балаға жасалған жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды» дейді халқымыз. Кейде бір сөмке, бір дәптер немесе жаңа киімнің өзі бала жүрегінде үлкен қуанышқа айналады. Ал сол қуаныштың артында елдің шетін күзетіп жүрген азаматтардың адамдық ниеті тұрса, оның мәні тіпті бөлек.
Шекарашының қызметі – мемлекеттік шептің беріктігін сақтау. Бірақ Отанға қызмет етудің өлшемі мұнымен ғана шектелмейді. Елге деген жанашырлық кейде шекарадағы қырағылықтан көрінсе, кейде ешкім күтпеген жерде жасалған қарапайым жақсылықтан байқалады. Бүгін шекарашылар ел шебін күзетіп жүр. Ал осы күні олар сол елдің ертеңі болатын балалардың көңіліне үміт ұялатты.
Шекарадан басталған мейірімнің мәні де осында.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті.