Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Алматы қалалық «Самоцвет» суретшілер клубының 55 жылдық мерейтойына орай «Бізді қоршаған әлем» атты көрмесінің тұсаукесері өтті. 17 тамызға дейін жалғасатын көрмеге 7 суретшінің 150 суреті қойылған. Қуанарлығы, олардың екеуі – біздің шекарашылар. Дәлірек айтсақ, бірі – осы клубтың төрайымы Наталья Кухаренко өзінің саналы ғұмырын ел шебінің сызатсыздығына арнаған аға буын шекарашының қосағы. Ал екінші суретші – Шекара қызметінің отставкадағы подполковнигі Жауһар Добжанова. Салтанатты рәсімде Наталья Григорьевна клубтың тарихы 1971 жылдан бастау алатын тарихына кең тоқталып өтті. – Сол жылы Қазақстандағы әуесқой суретшілердің ең ірі бірлестіктерінің бірі құрылды. Әр жылдары клуб құрамында төрт жүзден астам суретші болып, республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысына айналды. Шығармашылық дәстүрлердің сабақтастығын сақтай отырып, клуб бүгінде бейнелеу өнерін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған әртүрлі буын мен түрлі мамандық иелерін бір арнаға тоғыстыруды жалғастырып келеді, – деген клуб төрайымы жиналған жұртшылығты музейдің төртінші қабатындағы суреттерді тамашалауға шақырды. …Сырттағы алып қаланың ешқашан үзілмейтіндей көрінетін шуылы бейне бір сәт тиылғандай күйге бөленгенімізді несін жасырайық. Қылқалам иелерінің қабырғалар ерекше көрік беріп тұрған осы ғажайыптары арқылы біз айналамыздағы ғажайыптарды енді байқағандаймыз… Міне, Жауһар Балабекқызының көрмеге қойылған суреттері. Әсіресе «Қыз биі» деп аталатын туындысы ерекше көз тартады. Енді сәл күтсең, өзіне жан бітіп, тіл қатардай әсерге бөлейді. Жалпы, біздің ардагердің суреттері осындай көрмелердің көркін келтірумен шектелген емес. Жауһар апайдың көз майын тауысып салған суреттерінің бірін шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы филиалының клубынан кездестіруге болады. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік әскери госпиталінің 90 жылдық мерейтойына арнайы қатысқан қылқалам шебері ақ желеңді абзал жандарға өзінің туындысын сыйға тартқаны әлі есте. Жұртты таң-тамаша қалдырған бұл суретте – госпиталдің өткен ғасырдағы отызыншы жылдардағы ғимараты кескінделген-ді. … Өзге суретшілердің рухани дүниелерінен күрделі сюжетті емес, күнделікті өмірдің қарапайым көріністерінен көркемдік мән табуға ұмтылатынын байқадық. Айналамыздағы сұлулықты, тұрмыс пен табиғаттағы үйлесімділікті тап басқан. Осы орайда, клуб жетекшісі Наталья Кухаренко бізге берген сұхбатында: «Бұл да «Бізді қоршаған әлем» көрмесінің негізгі көркемдік идеясы. Осы арқылы біз реалистік өнер дәстүрін жалғастырып, табиғат пен адамның өзара байланысын және дүниені тікелей эмоционалдық қабылдаудың құндылығын паш етуге тырыстық», – дейді. Талай таланттың бағын ашып, өзіндік көркемдік қолтаңбасын қалыптастыруына жол ашқан «Самоцвет» клубы өзінің 55 жылдық мерейтойында да өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Клуб мүшелерінің қылқаламынан туған әр туынды – уақыт пен талғам сүзгісінен өткен шығармашылық ізденістің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және қоршаған әлемнің сұлулығын көре білудің жарқын көрінісі. Бәлкім, көрменің басты құндылығы да осында – қарапайым дүниеге суретшінің көзімен қарап, күнделікті өмірден көркемдік мән, ал бізді қоршаған әлемнен әсемдік табуға жетелейді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы



