Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Талғарда сайлаушылар белсенді

Талғарда сайлаушылар белсенді

57 қаралым

         Бүгін – еліміз тарихындағы ерекше күн. Екі палаталы Парламент жойылып, оның орнына бір палатадан тұратын жоғары өкілетті орган – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр.

         Мен таңғы сағат 7-ден бастап, бірнеше сайлау учаскесін араладым. Талғар қаласы, Ғ.Мүсірепов көшесіндегі №57 мекенжайда орналасқан №838  учаскеде өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Осы жерде бірнеше сайлаушымен әңгімелесіп, пікірлерін сұрадым.

         – Менің аты-жөнім – Айгүл Байділдаева, мұғаліммін. Сайлауға ұлым, немереммен бірге келдім. Бұл – біздің конституциялық құқымыз әрі азаматтық міндетіміз. Еліміз жаңаша  дамып, өсіп-өркендеуі үшін дауыс бердік, – деді ол.

         Ал Әбдікерім Айдаров есімді сайлаушы ерте тұрып сайлауға келгенін айтты.

– Жан-жағындағы көршілеріне де дауыс беруге қатысу тек құқық емес, сонымен бірге үлкен азаматтық жауапкершілік екенін айттым. Жалпы менің ойымша, еліміздің кәмелет жасына толған, сайлау құқы шектелмеген барлық азаматы бұл науқанға әрқашан саналы түрде қатысуы керек! – дейді ол.

         Сайлаудың ашық, әділ өтуінде байқаушылардың да өзіндік орны бар. Сол себепті олардың да пікірін біле кеткенді жөн көрдім. №838 сайлау учаскесінде байқаушы болып отырған Баян Ахметжанқызы өз ойын төмендегіше жеткізді:

– Байқаушы ретіндегі менің негізгі міндетім – сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес ашық әрі әділ өтуін бақылап отыру. Сайлау комиссиясының жұмысына араласпаймын, сайлаушылардың таңдауына ықпал етпеймін және дауыс беру құпиясының сақталуын құрметтеймін. Сайлаушылар өте белсенді, өз таңдауларын жасап жатыр, қазірге дейін ешқандай заңбұзушылық байқалған жоқ. Әрі қарай да осылай өтеді деген сенімдемін.

№1010 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлнара Қыстаубаева бұл учаскеде 2012 сайлаушы тіркелгенін айтты.

– Ең алғашқы сайлаушы сағат 7-де келді. Жасы 18-ге толып, бірінші рет дауыс беретін 35 сайлаушымыз бар. Сайлаушылардың келуі жақсы, әсіресе жастар мен орта жастағы сайлаушылар белсенді, – деді ол.

Ал, №840 сайлау учаскесінің төрағасы Бақыткүл Бектұрсынқызы сайлау комиссиясының жұмысы таңғы сағат 5.30-да басталғанын, 6-да байқаушылар тіркелгенін жеткізді.

– Біздің учаске бойынша 2372 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру сағат 7-де басталды. Содан бері сайлаушылар үзілмей келіп жатыр, таңертеңнен бері бір тынған жоқпыз!

№839 сайлау учаскесінің төрағасы Әлия Исқақованың айтуынша, бұл учаскеде  2326 сайлаушы тіркелген.

– Дауыс беру басталысымен үлкен жастағы бір ата келді. Оған арнайы сыйлығымызды табыстадық. Алғашқы екі сағатта 15 пайыздай сайлаушы дауыс берді. Демалыс күні болған соң сайлаушылар асықпай келеді, ары қарай бұдан да көбейетіні күмәнсіз, – деді.

Бұл учаскеден шыға бергенімде бірнеше халықаралық байқаушы келе жатты. Сұрастырсам, біреуі – Ресейден, біреуі – Өзбестаннан екен, пікір сұрап едім, сайлау аяқталмағанша ештеңе айта алмайтындарын жеткізді.

Жалпы, мен аралап көрген учаскелереде сайлау барысы жаман емес. Оны жоғарыда айтқан пікірлер де дәлелдейді.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,

Талғар ауданы