Перейти к содержимому

Тарихи таңдау жасайтын күн!

49 қаралым

Бүгінгі күн – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи сәт. Биыл алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлап, ел болашағына қатысты өз таңдауымызды жасап отырмыз. Мұндай сәтте әр азаматтың дауыс беруі – өзінің ғана емес, тұтас елдің ертеңіне деген жауапкершілігі деп ойлаймын.
Мен де отбасыммен бірге сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым. Сайлауға қатысып отырған жеті партияның бағдарламаларымен танысып, әрқайсысының ұстанымын салыстырып көрдім. Әр партияның ел дамуына қатысты өзіндік бағыты бар. Сондықтан азамат ретінде саналы түрде таңдау жасауға тырыстым.
Құрылтайға депутат сайлау – біз үшін жаңа тәжірибе. Бұл – елдің мұң-мұқтажын, халықтың талап-тілегін ашық жеткізетін, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң қалыптастыру жолындағы қадам. Сондықтан бүгінгі таңдауға немқұрайлы қарауға болмайды.
Сайлау учаскесіне барып, дауыс беру – әрқайсысымызға берілген конституциялық құқық қана емес, ел алдындағы азаматтық парызымыздың бірі. «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деп үйде қалу дұрыс емес. Себебі ел тағдыры үлкен істерден ғана емес, әр азаматтың осындай қарапайым әрі жауапты қадамынан құралады.
Бүгінгі таңдауымыздың артында ертеңгі күн тұр. Біз өзіміз үшін ғана емес, балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы үшін дауыс береміз. Олардың қандай қоғамда өмір сүретіні, қандай елде білім алып, еңбек ететіні – бүгінгі ортақ шешімдерімізбен де байланысты.
Туған өлкем – Алматы облысының тұрғындары елдік мәселелерге әрдайым бейжай қарамайтынын жақсы білемін. Әсіресе Ұйғыр ауданының халқы ұйымшылдығымен, белсенділігімен ерекшеленеді. Сондықтан облыс, аудан тұрғындары да бұл тарихи науқаннан тыс қалмай, өз таңдауларын жасап, азаматтық белсенділіктерін көрсетеді деп сенемін.
Тарихи кезеңде тарихи таңдау жасау – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан баршаңызды сайлауға белсенді қатысып, өз болашағыңыз бен ел болашағына қатысты таңдауыңызды жасауға шақырамын. Елдің ертеңі – бүгінгі ортақ таңдауымыздан басталады.

Сәуле Досжан,

жазушы,
Алматы облысының құрметті азаматы