Қауіпсіз орта қалыптастыру – бір ғана мемлекеттік органның міндеті емес. Көшедегі тәртіптен бастап, ауладағы тыныштыққа дейін қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігі бар. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың белсенділігі мен құқық қорғау органдарымен өзара байланысы ерекше маңызға ие.
Көп жағдайда құқықбұзушылықтың алдын алу үлкен шаралардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Ауладағы күмәнді жағдайға бейжай қарамау, қоғамдық орында тәртіпті сақтау, балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу, құқықбұзушылық туралы дер кезінде хабарлау – ортақ қауіпсіздікке қосылған үлес.
Қазір қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тетіктері де көбейіп келеді. Бейнебақылау жүйелері, учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен байланысы, профилактикалық кездесулер мен түсіндіру жұмыстары құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Алайда техника қанша дамығанымен, азаматтың қырағылығын алмастыра алмайды. Өз ауласына, көшесіне, қаласына жауапкершілікпен қарайтын тұрғын – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі.
Қауіпсіздік – біреудің ғана жұмысы емес. Ол қоғам болып қалыптастыратын орта.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ