Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық идеология – балабақшадан!

Ұлттық идеология – балабақшадан!

Балабақша – баланың алғаш­қы білім мен тәрбие алатын және қоғаммен қарым-қатынас орнататын ортасы. Бала­ның өз өзегін тануы, тұлға ­­ретін­­де адамдық қасиеттері мен өмірлік құндылықтарының қалыптасуы, айналасын зерттеп-білуге деген қызы­ғушылығы мен құштарлығы­ның қайнар көзі дәл осы ортадан бастау алып, үлкен ағысқа ұласады. Ендеше, болашақтың кілтін ұстар ұл-қызымыздың негізі қаланып, алтын діңгегі болар балабақша – ұлттың рухани өзегі өрілетін қасиетті мекен. Өйткені мұнда балаға берілер білім мен тәлім-тәрбие арқылы ұлттық идеология бойға сіңіп, ойға қонады. Осы орайда балабақшалардың көзге алдымен түсетін сыртқы көрінісі мен безендірілуі де назардан тыс қалмауы қажет.

Алдымен ұлттық идеология дегеннің не екеніне тоқталсақ. Ұлттық идеология – өзін-өзі танып, ұлттың тұтастығын сақтап, өткенін бағалап, болашағына бағыт-бағдар берер жолы. Ұлттың өзі дегеніміз – оның ана тілі, кешегі өткен тарихы, діні, ата-бабадан жалғасып, тәлім-тәрбиенің өзегі болған салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, асыл мұра – мәдениет пен рухани қазына – әдебиеті. Әр ұлтты өзгеден даралап, оның бірегейлігін білдіретін де – осынау ұлттық құндылықтары. Ал ұлттық идеология ұлттық құндылықтар негізінде құрылып, ұлтты бір мақсат, бір мүддеге біріктіре отырып, ұлттық иммунитетті қалыптастырады. Өзге идеологияларға жұтылып, өз болмысынан айырылу, әсіресе жаһандану жағдайында жаттың жетегінде кетудің алдын алу, бүкіл бір ұлтты, тиісінше мемлекетті сақтап қалу құралы да – мемлекеттің ұлттық идеологиясы, жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаты. Ақпараттық кеңістіктің шекарасы сөгіліп, түрлі мәдениеттер мен идеологиялар еркін таралып жатқанда ұлттық құндылықтарын қадірлейтін, рухы мықты қоғам ғана өзінің ұлттық ерекшелігін, егемендігі мен елдің бүтіндігін сақтап қала алады. Ол үшін ұлттық идеология негізі балаға бесіктен берілетін тәрбиеден бастау алуы керек.
Бір өкініштісі, идеология мәселесі тек саясатпен немесе мемлекеттік басқару жүйесімен байланысты дүние ретінде қарастырылып, көп жағдайда халықтың күнделікті өмірінен, дүниетанымынан алшақ қалатын секілді. Шын мәнінде, ұлттық идеология – ең алдымен халықтың өзіне қызмет ететін, оның тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, ұлттық санасы мен бірегейлігін нығайтатын рухани негіз әрі ұлттың өмір сүру философиясы. Сондықтан ұлттық идеологияның негіздері тек ресми құжат парақтарында ғана емес, әр адамның күнделікті қарапайым тіршілігіндегі әр сәті мен іс-әрекетінен, қоғам өмірінен нақты көрініс табуы тиіс. Осы орайда әлеуметтік нысандардың, әсіресе мемлекеттік мекемелердің рөлі маңызды екені сөзсіз.
Әңгіменің ауанын әлеуметтік нысандарға әкеліп тіреудің себебі жоқ емес. Үлкенді-кішілі қалалар ғана емес, қазіргі уақытта алыстағы ауыл-аймақтың бәрінде дерлік балабақша, бөбекжайлар, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оқу мен тәрбие орталықтары жетерлік. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда балабақшаның бәрі жекенің қолында кетті деп күйінсек, соңғы жылдары балабақшалар саны да артып келеді. Мысалы, былтыр ғана Оқу-ағарту министрлігі «Мектепке дейінгі білім беру саласын реформалау бойынша қолжетімділікті, сапаны және ашықтықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс негізінде мектепке дейінгі ұйымдардағы орынға кезек күткендер саны шамамен 5 есеге азайды» деген ақпарат таратқан еді. Яғни балабақшалар қатары артып жатыр. Осы орайда балабақша санымен бірге, онда берілетін білім мен тәрбие сапасына ұлттық идеология тұрғысынан көбірек көңіл бөлінсе деген тілек бар.
Олай дейтініміз, балабақшаларға бара қалсақ, олар­дың қақпасында далиып, дәу суретте тізіліп тұратын қаһар­мандардан қаймығамыз. Олардың басым бөлігі – шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері. Бұрынғы КСРО кезіндегі «Союзмультфильм» студиясы түсірген «Ну, погоди, Заяц», құлағы қалқиған Чебурашка мен қолтырауын Генадан бастап, бүгінгі «Маша мен аю», «Лунтик», «Три кота», «Фиксики», америкалық Disney мен Marvel, Nickelodeon студияларының кейіпкерлері – «Капитан Америка», «Том мен Джерри», «Өрмекші адам», «Халк», «Губка Боб», «Миньондар», «Рапунцель», «Шрек пен Фиона» деп кете береді. Өкініштісі, олардың арасында Алдар Көсе мен бай да, Қожанасыр мен Тазша бала да, Қаңбақ шал мен дәулер де, Керқұла атты Кендебай, Ер Төстік пен оның адал достары да жоқ.
Таңертең балабақшаға барғанда балаларды алдынан күтіп алатын қақпадағы қаһармандары – Өрмекші адам, Капитан Америка болса, балабақша қабырғаларындағы суреттер, ойын алаңдарындағы, көрнекіліктегі кейіпкерлер жат елдік болса, онда ұлттық құндылық туралы өткен ашық сабақтың да, ұлттық мерекелерге орай ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шаралардың да нәтижесі біз күткендей болмасы анық.
Психолог мамандардың айтуынша, үш пен алты жас аралығы – баланың символдарды қабылдау кезеңі. Осы уақытта ол кімнің жақсы, кімнің батыр, кімнің ақылды екенін ертегілер мен мультфильмдер және жан-жағындағы көрнекі ақпараттар арқылы үйренеді. Демек, баланың алғашқы қаһармандары – оның болашақ мәдени жадының негізі. Бала күн сайын тек шетелдік кейіпкерлерді көріп өссе, оның санасында ең сүйікті бейнелер солар болып қалыптасады. Бұл – заңды құбылыс. Көрген мультфильмі де, жан-жағындағы көрнекілік ақпараты да өзгенікі болғанда бала өзін қалай таниды? Балалар өнімнің қайдан шыққанына, оның мазмұнына терең бойлап, сараптама жасай алмайды. Олар «Маған осы кейіпкер ұнайды» деген эмоцияны есте сақтайды. Тіпті болашақта сондай болуға талпынады. Өз кейіпкерлерін білмеген бала ұлттық құндылықтан құралақан өсіп, ұлттық идеологияға да именбейді.
Бұл жерде мәселе – шетел мәдениетіне қарсы шығу емес. Әлемдік анимация мен балалар әдебиетінің үздік үлгілері баланың таным көкжиегін кеңейтеді. Қазақ баласы әлемдік мәдениетті де танысын. Дегенмен, алдымен өз мәдениетімен сусындап, іргетасы қаланбаса, самал желдің екпініне шыдас бермейтін жас шыбықша үзіліп, жаттың жетегінде кетпесіне не кепіл?!
Сондықтан бала кішкентайынан Ер Төстіктің ерлігі, Тазша баланың шешендігі, Алдар көсенің тапқырлығы мен әділдігі, Таусоғардың күші, Желаяқтың жылдамдығы, Көлтауысардың ерік-жігері жайында біліп өсуі керек. Бұдан басқа да ертегі кейіпкерлерімен қатар, эпостық жырлардың, шешендік өнердің, көнеден жеткен аңыздардың көрнекті өкілдерін, қазақтың батырлары мен билерін жас ерекшелігіне сай танып-білуі маңызды. Өйткені мұндай тұлғалар мен кейіпкерлер баланың бойына батылдық, адалдық, отансүйгіштік сынды адами қасиеттерді, сөз қадірін түсіну, үлкенді құрметтеу сияқты ұлттық құндылықтарды сіңіруге ықпал етеді. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мазмұнында қазақтың бай ауыз әдебиеті мен рухани мұрасына кеңінен орын берілуі ұлттық идеологияны қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі болмақ.
Мектепке дейінгі тәрбие стандарттарында ұлттық мәдениетке сүйену қажеттігі көрсетілген. «Тәрбие мен оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар» деген тарауда «Тәрбиелеу білім беру процесінде: әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу жүзеге асырылады» деп жазылған. Алайда балабақшалардың сыртқы және ішкі көркемдік безендірілуіне қатысты нақты ұлттық тұжырымдама таба алмадық. Ресми құжатта нақты жазылмаған соң әр мекеме ғимаратты безендіру мен көрнекілік құралдарын дайындауда дайын коммерциялық өнімді қолданады. Олардың басым бөлігі – шетелдік өнімдер.
Осы тұста тағы бір мәселенің басы көрінеді. Нарықта қазақ ертегілері кейіпкерлерінің, эпостық жырлар мен шешендік өнердің көрнекті өкілдерінің бірыңғай иллюстрациялық қоры жоқ. Бірді-екілі нұсқалары болғанымен, кең қолданысқа таралмаған. Сондай-ақ отандық анимация кейіпкерлері мен ұлттық ойындарды насихаттайтын көрнекіліктер тапшы, жоқтың қасы. Ал қазақ ертегілерінің кейіпкерлері бейнеленген ойыншықтар шығару – бөлек әңгіме. Осындай олқылықтардың салдарынан балабақшаның қақпасы мен ішкі безендірілуіне дайын шетелдік кейіпкерлерді орналастыра салу қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл – бір жағынан салғырттықтың, екінші жағынан ұлттық тәрбиелік орта қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлінбеуінің және ұлттық идеологияның мүшкіл хәлінің көрінісі.
Ұлттық идеология құры ұран емес, күнделікті өмірден көрініс тапқанда ғана ұлттың рухы мықты болмақ. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, балабақша мен ондағы тәлім-тәрбие, білім негізі ғимаратқа кіреберістегі көрініс, қабырғадағы безендіру мен қақпадағы бейнеден басталады.

Құралай Мұратқызы