Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңа бастамаға жол ашты

Жаңа бастамаға жол ашты

Халықаралық жастар күнінде аймақтағы ауыл жастарының әлеуетін арттыру бағытында ұйымдастырылған «ŪMTYLYS» және  Digital Pro» облыстық байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

«ŪMTYLYS» байқауының аудандық, қалалық деңгейдегі бірінші кезеңінде бір жылдық жұмыс өтілі бар үміткерлер бақ сынады. Алғашқы іріктеуден іркілмей өткен 35 жоба облыстық кезеңде қорғалды.

Облыстық жастар ресурстық орталығында өткен  салтанатты шарада сөз алған  жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Ахметов жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және цифрлық тұрғыда шығармашылығын дамытуға бағытталған қос бірдей байқаудың маңызына  тоқталды.

«Өңірде мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарымен қатар 134 ауылдық округте жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар қызмет атқарады. Аталған мамандар ауыл жастарының тыныс-тіршілігіне етене араласып, олардың мәселелерін жергілікті деңгейде шешуге, қоғамдық белсенділігін арттыруға және тың бастамаларын қолдауға өз үлестерін қосып келеді. «ŪMTYLYS» – ауыл жастарына жол ашқан бастама. Байқау аясында ауылдық округтердегі жастармен жұмыстың сапасын арттыру, әдіскер-нұсқаушылардың шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімді формаларын айқындау және жастармен жұмыс барысында заманауи әрі инновациялық әдістерді енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар үздік әдіскерлерді ынталандыру және марапаттау арқылы жастармен жұмыс жүргізу саласының мәртебесін арттыру көзделді. Жастардың заманауи технологияларды игеруіне, цифрлық сауаттылығын арттыруға және шығармашылық қабілетін жаңа қырынан танытуына мүмкіндік берген тағы бір маңызды жоба – «Digital Pro» шығармашылық байқауы. Өздеріңіз  білесіздер, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылған байқауға Алматы облысының 16-35 жас аралығындағы жастары қатысты. Қатысушылар азаматтық жауапкершілік, волонтерлік, экологиялық мәдениет, адалдық, заң мен тәртіп тақырыптарын жасанды интеллект құралдарының көмегімен креативті бейнероликтер арқылы көрсетті», – деді Мәди Абылайұлы.

Салтанатты марапаттау рәсімі барысында «ŪMTYLYS» және «Digital Pro» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, қаржылай және ынталандыру сыйлықтары табысталды. «Мен ұсынған бейнеролик  сыбайлас жемқорлықпен  күреске бағытталған. Жемқорлықпен тиімді күресу үшін ең алдымен адамның сана-сезімін өзгерту қажет. Әрбір адам адал өмір сүруді өзіне қағида етуі тиіс. Пара беру арқылы мәселені шешу оңай көрінгенімен, ол қоғамға үлкен зиян келтіреді. Сондықтан заңды жолмен әрекет ету әр азаматтың басты ұстанымы болуы керек. Бүгінгі байқауда жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта осы сынды байқауларда белсенділік танытамын», – дейді  «Digital Pro»  байқауының  жеңімпазы Айя Елдосқызы.

Ерзат АСЫЛ