Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жаңа Конституция – білім үрдісінде!

Жаңа Конституция – білім үрдісінде!

29 қаралым

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда жаңа оқу жылына дайындық барысы сараланды. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндама жасап, жаңа оқу жылы еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты қолдау­ларымен және іргелі реформалары­ның нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Күшіне енген жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа бағдарларын айқындады. Оның негізінде заң үстемдігі, еңбекке құрмет және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр», – деген Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде жаңа Конституция қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізу бойынша кешенді жұмыс жүзеге асып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда білім берудің мемлекеттік жалпыға мін­детті стандарттары, үлгілік оқу жос­парлары және оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралғанын жеткізді.
Министрдің мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курста­рымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті оқу курсы енгі­зіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналды және мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді. Сон­дай-ақ үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқу­шылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды. Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады. Биыл алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай «OQU» платформасы аясында «1-сыныпқа қабылдау» кезең-кезе­ңімен жүзеге асырылды. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба шеңберінде жүзеге асырылған. Жекелей атап өтетін жайт, өтініштердің 88,7%-дан астамы электрондық фор­матта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажетті рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады.
«1-сыныпқа балаларды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде. Бұл ретте ата-аналардың өтініш беру белсенділігі жоғары деңгейде сақталуда. Сонымен бірге білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 202 бала қабылданды. Жалпы, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дамыған цифрлық инфрақұрылымның және жергілікті жерлерде жұмысты тиімді ұйымдастырудың арқасында жергілікті атқарушы органдар отбасылардың қажеттіліктеріне уақытылы ден қойып, әрбір баланы мектепке қабылдауды қамтамасыз етуде», – деді министр.
Жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллектінің орта білім беру жүйесіне енгізілуінде. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Осы жылғы 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты жүзеге асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі. Министрдің баяндауынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосы­лады. Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке кеңейтіледі.
Үкімет отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз алып, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында кадрларды оқыту мәселелерінде өзара іс-қимылды жолға қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министр жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақ­тасты­ғына мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты атап өтті.
2026-2027 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
«Елімізде 123 жоғары оқу орны бар, оның 107-сі азаматтық университет. Биыл білім алушылар саны 740 мыңнан асады деп күтілуде. Гранттар саны былтырғы деңгейде сақталды. Биыл мемлекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Биыл жүргізілген сауалнамада анықталған сұранысқа сәйкес мемлекеттік қолдау көлемі қамтамасыз етілді. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. 8327 грант жеңілдік берілетін категорияларға жататын талапкерлерге, 1745 грант мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға, 2378 грант қандастарға, 2169 грант «Серпін» жобасына қатысушыларға берілді. Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылуда», – деді министр. Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайтынын, шамаман 600 білім алушы қабылданатынын жеткізді. Жатақханадан орын беру қызметі проактивті форматқа көшірілгенін атап өтті. «Smart Data Ukimet» пен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы интеграцияланды. Енді студенттің қажеттілігі автоматты түрде анықталады. Скоринг жүргізіледі, мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтінім автоматты түрде жасалады және ше­шім қабылданғаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. Былтыр осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілген. Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі жіті ба­қы­лауда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі жалпы республика бойынша жатақхана тапшылығы жоқ екенін, бірақ негізгі мәселе Алматы қаласында қалып отырғанын айтты.
Отырыс барысында білім беру нысандарының санитариялық-эпиде­миологиялық дайындығы туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, мектептердің интернетпен қамтылуы және цифрлан­дырылуы жайында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин есеп берді. Сондай-ақ Атырау, Алматы, Ақмола және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде биыл білім саласын қаржыландыруға 458,0 млрд теңге бөлінгенін алға тартты. Осы жылға жоспарланған 12 мектептің 10-ында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанын,
2 нысан кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Мектептердің 87,9%-і жаңа модификациялы оқу кабинеттерімен қамтылған. Биыл 78 мектеп 203 заманауи кабинеттермен жабдықталады, оның ішінде 75 білім ошағын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырмақ. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен аталған кабинеттерге жөндеу жұмыстары жүргізілді және 2020 педагог оқытудан өтеді.
Үшауысымды оқытуды жою мақ­сатында соңғы төрт жылда 75 жаңа мек­теп ашылып, 6 қосымша жапсаржай пайдалануға берілген. Соның ішінде мемлекет қолдауының нәтижесінде 24 900 орынды 26 «Келешек мектебі» пай­далануға берілді. Нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды. Бұдан бөлек, ЕРС+F (ИПиСи+Эф, «кілтке дейін») тетігі арқылы 5 100 оқушыға арналған 5 жалпы білім беретін мектептің тізімі бекітілді.
Жекелеген санаттағы 63 мың білім алушыны мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге 3,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен 18 мың балаға көмек көрсетіледі. Бұған қоса, 185 мың баланы тегін ыстық тамақпен қамтуға 17,0 млрд теңге қарастырылды. Шалғай елдімекендерден 29 мың оқушыны тасымалдауға 3,0 млрд теңге бөлінді.
Бүгінде облыстағы барлық мек­теп интернет желісіне қосылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. 213 мектепке арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған. Жаңа оқу жылына дайындық жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілуде және тұрақты бақылауда.
Үкімет отырысын қорытындылаған Олжас Абайұлы жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ре­тінде бекітілгеніне, әсіресе, білім мен адам капиталын дамытуға айрықша мән берілгеніне тоқталды.
– Ата Заңымызда айқындалған қағи­даттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау. Мемлекет басшысы балалар мен жастардың бойында жаңа Консти­туцияда бекітілген құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалып­тастыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатының сақталуына баса назар аударып келеді. Жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасына негізделуге тиіс. Оның аясында экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға қамқорлық сияқты өмірлік ұстанымдарды орнықтыруға назар аудару керек. Бұл істе мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы маңызды. Әрбір тәрбие шарасы нақты нәтиже беруі қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деді ол. Сонымен қатар өңірлерде үшауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар екенін атап өтіп, 1 қыркүйекке дейін физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажеттігін, жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керегін жеткізді. Цифрлық инфрақұрылым білім беру сапасы мен жасанды интеллектіні енгізуге тікелей әсер ететінін айтып, мектептерде жоғары жылдамдықты интернеттің болуы – басым міндеттердің бірі екенін алға тартты. Балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуға тиістігін де атап өтіп, осы орайда тиісті органдар мен облыс әкімдеріне міндеттер жүктеді.

Алма ЕСЕНБАЙ