Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар бастау алғаны баршаға белгілі. Жалпыхалықтық референдум аясында жаңа Конституциямыз қабылданып, заңды күшіне енді. Ата Заң бойынша екі палаталы Парламенттің атауы бір палаталы Құрылтай болып өзгертілді. Айдан астам уақыт ішінде жеті саяси партия ел ішін аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырды. 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтті. Ел болашағын айқындайтын тарихи күнде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халықпен бірге өз таңдауын жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Елордадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Президент ең алдымен алғашқы Құрылтай сайлауының мәні мен маңызына тоқталды.
«Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы журналистердің сұрақтарына тұщымды жауап қайтарды. Жаңа Конституциядағы өзгерістер, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы, Вице-Президенттің міндетіне қатысты қойылған сауалға Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп жауап берді:
«Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін. Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», – деді Президент.
Журналистердің 2029 жылғы Президент сайлауына қатысты сауалына жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық соттың шешіміне сәйкес өзінің қайта сайлануға заңды құқығы бар екенін айтты. Алайда қазіргі кезеңде сайлау туралы емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен реформаларды толық іске асыру туралы ойланудың маңызды екенін жеткізді.
– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін, – деді Мемлекет басшысы.
Құрылтай іске кіріскеннен бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай? Бұл сауалдарға Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ», – деп жауап берді.
Баспасөз мәслихатында Президент Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кететінін, оның құрамында белгілі бір кадрлық өзгерістер болатынын айтты. Дегенмен, қазіргі Үкіметтің қызметіне түбегейлі сын айтуға негіз жоқ екенін де тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістердің мақсаты адамдарды қызметтен босату емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру екеніне тоқталды. Оның пікірінше, жаңару үдерісі үздіксіз жалғасып, Үкімет экономикалық бәсекелестік пен жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алуы қажет. Сондай-ақ брифингте Мемлекет басшысы ұлттық дәстүрге сай сәлемдесу әдебін сақтау, қоғамдық ортадағы мәдениетті күшейту, жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, цифрлық мемлекет құрудың қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, өркениетті мемлекет ең алдымен заңға бағынатын, тәртіпті және мәдениетті қоғамнан қалыптасады.
– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқан емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жандүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Баспасөз мәслихатын Президент бүгінгі цифрландыру заманында адамдар ертеден кешке дейін телефонға телміріп, әлеуметтік желіде бос уақытын өткізуге емес, заманауи технологияны сапалы қызметке, кәсібін кеңейтуге мейлінше пайдалану керек деген ой-пікірімен түйіндеді.
Алғашқы Құрылтай сайлауы – жаңғыру жолындағы жаңа қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған басымдықтар – тиімді мемлекеттік басқару, сапалы заң шығару, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық мәдениетті нығайту және ұлттық бірлікті күшейту – елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған стратегиялық міндеттер ретінде айқындалды. Жаңа Құрылтайдың басты миссиясы – халықтың сенімін ақтайтын заңдар қабылдап, қоғам сұранысына сай реформаларды жүзеге асыру. Бұл өзгерістердің табысты болуы мемлекеттік институттардың тиімділігіне ғана емес, әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігі мен белсенділігіне де тікелей байланысты екені анық.
Болат МӘЖИТ
