Жаңа оқу жылының басталуымен білім саласы мамандарының ғана емес, құқық қорғау органдарының да жұмысы арта түседі. Өйткені балалардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік жүгі бар. Осы орайда жылдағы әдетпен Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыс жүргізді.
Тамыз айының соңғы күндері Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында орналасқан барлық білім ошақтарын аралап, мектептерге іргелес орналасқан автомобиль жолдарына тексеру жүргізді. Оқушылардың білім беру ұйымдарына қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың жол жүру ережелерін сақтауына жағдай жасауды мақсат еткен іс-шара барысында мектеп маңындағы жол учаскелерінің жай-күйі, жол белгілерінің дұрыс орнатылуы назарға алынып, жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылды. Сонымен қатар оқушыларды жалпы білім беретін мектептерге тасымалдауға арналған автобустарға да бақылау жұмыстары жүргізіліп, көлік құралдарының техникалық жағдайы, қажетті құжаттарының болуы, жүргізушілердің тиісті талаптарға сәйкестігі тексерілді. Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы ескертілді.
Ал оқу жылының алғашқы күнінен бастап полиция қызметкерлері аудандағы мектептер мен колледждерде құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернеттегі қауіптерден сақтандыру және жасөспірімдердің жауапкершілігін түсіндіру бағыттарында бірқатар кездесулер өткізіп, профилактикалық жұмыс жүргізді.
«Профилактикалық жұмыстар тек жоғары сынып оқушылары арасында ғана емес, бастауыш сыныптарда да өткізілді. Мысалы, 1-4 сынып аралығындағы оқушыларға жол жүру ережелері түсіндіріліп, жолдағы қауіпсіздік талаптары және жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық көлікте қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ақпарат берілді. Өкінішке қарай, жол жүру ережесін кішкентай балалар ғана емес, ересектер де біле бермейді. Соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының себепшісі болып жатады. Сондықтан жол жүру ережелері туралы жоғары сынып оқушыларымен өткен кездесулерде де міндетті түрде кеңінен айтылды. Жолдан жүгіріп өтетін, телефонға алаңдап, жолға қарамайтын, құлаққаппен жүретін жастар көп», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ержан Мұқан.
Жоғары сынып оқушыларымен өткізілген кездесулердің бірсыпырасы буллинг, кішкентайларға күш көрсету, бопсалау, ақша жинау, төбелес сынды теріс әрекеттің алдын алуға бағытталды. «Әлімжеттіктің алдын алу», «Құқық бұзушылықтың алдын алу» сынды тақырыптарда 471 профилактикалық дәріс пен сұхбат ұйымдастырылған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында бопсалауды болдырмау мақсатында 189 жасырын сауалнама жүргізіліп, оған 18693 оқушы қатысқан.
«Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 94 профилактикалық дәріс ұйымдастырып, балаларға қиын жағдайға тап болған кезде үнсіз қалмау, көмек сұрау және қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірілді. Жалпы орта білім беру ұйымдарында 5-11 сынып оқушылары арасында жыныстық тиіспеушілік мәселелері бойынша 104 жасырын сауалнама жүргізіп, оған 11548 оқушы қыз қатысты», – деген Ержан Ерланұлы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Өкінішке қарай соңғы уақытта кибер қылмыс кең етек алып, алаяқтар телефондағы балалар ойындары арқылы да қылмыс жасау жолдарын тапқан. Осы орайда интернеттегі алаяқтық схемалары және олардан сақтану жолдары, телефонға хабарламамен келген белгісіз сілтемелерді ашпау, оның салдары туралы оқушыларға түсіндірілді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар дамыған тұста балалар арасында кибербуллинг, желіде бір-бірін қудалау, фото-видеомен бопсалау сынды мәселе бой көтерген. Кездесулер барысында бұл мәселелер төңірегінде де оқушылар мен студенттерге ақпарат беріліп, елімізде балаларды қорлау және желіде қудалау бойынша қатаң жауапкершілік қарастырылғаны айтылды.
Жалпы, білім беру ұйымдарында жүргізілген профилактикалық жұмыс барысында оқушылар мен студенттер өз құқықтары, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық, құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі сияқты мәселер туралы толыққанды ақпарат пен өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы