Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / БАУЫРЛАС ЕКІ ЕЛ ДОСТЫҒЫ НЫҒАЯ ТҮСТІ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АТЫНАН 200 КІТАП СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

БАУЫРЛАС ЕКІ ЕЛ ДОСТЫҒЫ НЫҒАЯ ТҮСТІ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АТЫНАН 200 КІТАП СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

23 қаралым

Бүгінгі күн бауырлас қазақ және өзбек халқының мәдениеті мен әдебиеті үшін ерекше оқиғамен есте қалды. «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық форум аясында Ташкент облысы Бостанлық ауданы Қараманас ауылындағы  №34 қазақ орта мектебіне Рахметолла Райымқұлов есімі берілді.

Ауқымды шараға Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі және мектеп білімі және Мәдениет министрлігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің (UzA) бас директоры Абдусаид Кучимов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, Өзбекстан мен Қазақстан Республикаларының мемлекет және қоғам қайраткерлері,  сондай-ақ екі елдің көрнекті жазушылары, ақындары, ғалымдары мен  зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналармен бірге Рахметолла Райымқұловтың ұрпағы қатысты.

 Игі шара барысында Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік  Гимні шырқалып, бұдан кейін құрметті қонақтар өзбек еліндегі қазақ мектебіне Рахметолла Райымқұловтың есімі берілуінің мән-маңызына тоқталып, көпшілік қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Бұдан соң білім шаңырағындағы алғашқы қоңырау соғылып, балғын бүлдіршіндер 1-сынып табалдырығын аттады. Салтанатты шара барысында мектеп оқушыларының   әдеби композициясына кезек беріліп, олар қарымды қаламгер Рахметолла Райымқұлов шығармаларынан үзінді оқыды. Сондай-ақ,  жиналған қауым жаңартылған мектеп кітапханасының жаңа келбетімен танысып, лентасы қию рәсіміне куә болды.  Одан кейін Рахметолла Райымқұловтың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған мемориалдық бұрыштың салтанатты ашылуы ұйымдастырылып, зиялы қауым өкілдері экспозициямен танысты. Ерекше толқынысқа толы сәтте жазушының қызы, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловаға сөз беріліп, ол жазушының өмірі мен шығармашылық жолы және аталған білім шаңырағының келешек ұрпақтың қамы үшін әрі қаламгер мұрасының мәңгілік екені жайлы әңгіме өрбітті. Мәдени шара көптен күткен кітап табыстау рәсімімен жалғасып,   тарихи сәтте форум делегаттары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мектеп кітапханасына кітаптарды табыстаса, ал «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлан Жұрынбаев Өзбекстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Алматы облысы әкімдігі атынан 200 кітап сыйға тартты.

Сонымен қоса, салтанатты шарада Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Кучимов Өзбекстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған дәріс оқыды.

Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, белгілі жазушылар Құлбек Ергөбек және Нұрғали Ораз көрнекті қазақ жазушысының қос бірдей елдің әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегінен, өмір жолынан, шығармашылық мұрасынан сыр шертті.

Философия докторы, қауымдастырылған профессор (доцент), Қазақ ұлттық хореография академиясы кітапханасының директоры Ұлбосын Айымбетова мектеп кітапханасындағы коворкинг-орталығын таныстырып, электронды кітапхана мен мектеп кітапханасының қорын пайдалану бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Осылайша Қазақстан мен Өзбекстан жазушылары арасындағы шығармашылық байланыс бауырлас елдер достығының алтын көпіріне айналды.

Шын мәнінде әдебиет пен мәдениет арнасында тоғысқан бауырлас Өзбекстан еліндегі қазақ мектебінің ашылуы – қазақ пен өзбек халықтары арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз. Бұл игі іс – екі елдің білім саласындағы маңызды оқиға болумен ғана шектелмейді, қазақ халқының ана тілін, ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын сақтауға бағытталған қадам. Өзбек еліндегі білім шаңырағында бауырларымыздың тарихи тамыры тереңнен сыр тартатын қазақ тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік жасау Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы достықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Қараманастағы қазақ мектебі ұрпақтар сабақтастығын сақтап, екі елдің ұлттық құндылықтарын дәріптейтін рухани орда болмақ. 

Алтынай СЕЙІТКЕН

Өзбекстан Республикасы