Перейти к содержимому

Бір рет ек те, бірнеше жыл өнім ал!

30 қаралым

Бір рет егіп, бірнеше жыл қатарынан өнім алу – ауыл шаруашылығы үшін тиімді тәсіл. Мұндай технология жерді жыл сайын қайта өңдеу, тұқым себу, техника мен жанар-жағармай шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар топыраққа түсетін салмақты төмендетіп, оның құнарын сақтауға ықпал етеді.

Бұл идея бүгінде әлем ғалымдары­ның назарында. Қазақстанда да осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның егіншілік зертханасының ғалымдары дәстүрлі бидайдың орнына бірнеше жыл қатарынан өнім бере алатын көпжылдық бидайды зерттеп жатыр.
Көпжылдық бидайды алу үшін мәдени бидай­дың жабайы туыстарымен будандастыру әдісі қолданылады. Зерттеуде осындай өсімдіктердің бірі – бидайық, яғни көпжылдық пырей пайдаланылған. Бидайық – бірнеше жыл қатарынан өсіп, қайта көктей алатын көпжылдық астық тұқымдас шөп. Ғалымдар осы табиғи қасиетін мәдени бидайға енгізуге тырысады. Нәтижесінде кәдімгі бидайға ұқсас, бірақ көпжылдық қасиеті бар өсімдік алынады. Оның масағы дәстүрлі бидайға қарағанда жіңішкелеу әрі ұзындау келеді.
Зерттеудің негізгі мақсаты – мәдени бидайдың пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, оған бірнеше жыл қатарынан қайта өсіп, өнім беру қабілетін қалыптастыру. Қазақстандағы зерттеудің маңызды бағыты – көпжылдық бидайдың жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделуін бақылау.
Зерттеу жұмыстарына қажетті көпжылдық бидай тұқымын ғалым Алексей Моргунов АҚШ-тан әкелген. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабында бұл бағыттағы жұмыстар 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Алғашқы нәтиже 2023 жылы алынды. Бір гектардан 10 центнер өнім жиналды. Бұл – әзірге тәжірибелік көрсеткіш. Сондықтан көпжылдық бидайды дәстүрлі бидайдың толық­қанды баламасы деп айтуға әлі ерте.
Дегенмен 2022 жылы егілген алқаптан екі жыл қатарынан өнім алынуы зерттеудің болашағы бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – дақылдың Қазақстан жағдайында қанша жыл тұрақты өнім бере алатынын, қысқы суыққа төзімділігін және экономикалық тиімділігін анықтау. Сондықтан ғалымдар қазір көпжылдық бидайды өсірудің тиімді агротехнологиясын зерттеуде. Тұқымды қандай мөлшерде себу керек? Қандай тыңайтқыш тиімді? Өсімдікті қалай күтіп-баптаған жөн? Егістікті бірнеше жыл бойы қалай басқару қажет? Егінді қандай техникамен және қай уақытта жинаған дұрыс? Бұл сұрақтардың жауабы тәжірибе барысында анықталуда.
Зерттеушілердің айтуынша, көпжылдық бидайдың себу нормасы дәстүрлі бидайға қарағанда төмен. Сонымен бірге оның дәні қазіргі бидай сорттарына қарағанда ұсақтау. Сондықтан өнімділікті арттыру үшін өсімдікті қоректендіру технологиясын жетілдіру маңызды.
Көпжылдық бидайдың басты артықшылықтарының бірі – жерді жыл сайын қайта өңдеу қажеттілігін азайтуы. Қазіргі егіншілікте әр маусым сайын топырақты өңдеу, тұқым себу және басқа да технологиялық жұмыстар жүргізіледі. Ал бір жерде бірнеше жыл өсетін көпжылдық дақыл топырақтың жиі бұзылуын азайтады. Бұл топырақ құрылымын сақтауға, эрозия қаупін төмендетуге және ауыл шаруашылығы техникасына жұмсалатын шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
Көпжылдық бидайдың тамыр жүйесі де ғалымдардың назарында. Мәселен, АҚШ-тағы Kernza деп ата­латын көпжылдық бидайдың тамыры топыраққа терең еніп, жақсы дамыған тамыр жүйесін қалыптастырады. Алайда оның дәні кәдімгі бидайға қарағанда ұсақ. Сондықтан оны азық-түлік өндірісінде кеңінен пайдалану мүмкіндігі әлі де зерттеліп жатыр.
Бұл бағыт Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені еліміздің көптеген өңірінде топырақ құнарын сақтау, ылғалды тиімді пайдалану және өндіріс шығынын азайту – ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері. Бір рет егіп, бірнеше жыл өнім алу идеясы әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта көпжылдық бидайдың өнімділігі мен тұрақтылығы нақты бағалануы тиіс.
Соған қарамастан, бүгінгі тәжірибе ауыл шаруашылығының болашағы тек жоғары өнімді сорттармен ғана емес, топырақты сақтайтын, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын және өндіріс шығынын азайтатын жаңа дақылдармен де байланысты екенін көрсетеді.

Рауан ЖАПАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор