Перейти к содержимому

Ел дамуының жаңа белесі

28 қаралым

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды құжат болды. Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру жолындағы бұл Жолдауда ауыл мен аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын тікелей жақсартатын нақты міндеттер айқындалған. Жамбыл аудандық қоғамдық кеңесі халық пен билік арасындағы алтын көпір ретінде Жолдауда көрсетілген басымдықтарға ерекше назар аударады.

         Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасына ерекше тоқталды. Президенттің Ұлттық қордан қаражат бөліп, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту туралы тапсырмасы біздің аудан үшін де өте өзекті. Аудан көлеміндегі жолдарды жөндеу, су ресурстарын тиімді басқару және инженерлік желілерді жаңарту – кеңес отырыстарында жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Бұл бастама ауылдық аймақтардың әлеуетін арттырады.

         Президент сонымен қатар әлеуметтік қолдау және еңбекақыға байланысты басымдықты атады. Ең төменгі жалақының 100 мың теңгеге дейін өсетіні, сондай-ақ ұстаздар мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж жандарға бағытталуы қоғамдағы әділдікті орнатады. Жолдауда «Таза Қазақстан» және экологиялық мәдениетке ерекше назар аударылып, экологиялық тұжырымдамаларға және «Заң мен тәртіп» қағидатына үлкен мән берілді. Біздің ауданда да тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында қоғамдық бақылау күшейтіледі.

         Жолдауда атап көрсетілген жағымды жаңалықтың бастыларының бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. Кәсіпкерлерге жөнсіз тексерістерді азайту мен салықтық талаптарды жеңілдету туралы бастамаларды іскер жандар қуана қолдайтынына сенімдімін. Бұл ауданымыздағы жергілікті кәсіпкерліктің, соның ішінде аграрлық сектордың дамуына жаңа дем беретіні анық.

         Жолдауға байланысты аудандық қоғамдық кеңестің алдағы міндеті де айқындала түсті. Біз, қоғамдық кеңес мүшелері ретінде, Жолдауда айтылған міндеттердің ауданымызда сапалы әрі дер кезінде орындалуын бақылауда ұстаймыз. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын, әлеуметтік нысандар құрылысын қадағалау — біздің басты міндетіміз. Мемлекет басшысы айтқандай, бізге көзбояушылық емес, шынайы реформалар қажет. Аудан жұртшылығы болып бірлесе отырып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етеміз.

Бағдат ӘЛИЕВ,

Жамбыл аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы

↑