Перейти к содержимому

Екі мектеп есігін айқара ашты

39 қаралым

Білім күні Еңбекшіқазақ ауданында екі жаңа мектеп есігін айқара ашты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошақтарының бірі – Сатай ауылында, екіншісі Ащысай ауылында. Қаракемер ауылдық округіне қарасты Сатай ауылында бүгінде мыңнан астам халық тұрады. Жылдан жылға қоныстанушылар қатары да артып келеді. Осыны ескере отырып, Сатай ауылында 900 балаға шақталған мектеп ел игілігіне берілді. Осы күнге дейін 440 бала Қаракемер ауылындағы Орынбетов атындағы орта мектепке тасымалданып оқыса, ендігі уақытта өз ауылында, заман талабына сай салынған мектеп қабырғасында білім алады. Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының төрағасы Бекет Ахметов, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, «Строй индустрия компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Дархан Ахманов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар, білім саласының қызметкерлері қатысып, оқушыларды Білім күнімен құттықтады. «Строй индустрия компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Дархан Қанатұлы мектеп директорының міндетін атқарушы Әйгерім Сейсенәліге білім шаңырағының символдық кілтін табыстап, жаңа мектепте алғашқы қоңырау үні естілді. Қаракемер ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әмірхан Майлыбаев жиналған көпшілікке ақ батасын берді. Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің тапсырысымен жалпы аумағы 11000 шаршы метр болатын мектеп ғимаратын мердігер мекеме «Строй индустрия компаниясы» ЖШС салған. Жобаны қаржыландырған – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Оқу кабинеттері, спортзал, инклюзивті білім беру кеңістігі, шеберханалар, мәжіліс залы, асхана және пәндік зертханалар заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Еңбекшіқазақ ауданының халқына мол қуаныш сыйлаған екінші мектеп Қаратұрық ауылдық округіне қарасты Ащысай ауылында ашылды. Бұған дейін ауыл балалары 1977 жылы салынған ғимаратта білім алып келген. Жарты ғасырға жуық талай шәкіртті қанаттандырған қара шаңырақтың қабырғалары уақыт өте тозығы жеткендіктен, оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы үшін ауылда заман талабына сай жаңа мектеп бой көтерді. Ш.Уәлиханов атындағы №1 «Келешек мектебі» де – сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған ұлттық жобаның жемісі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгін ашылып отырған жаңа мектеп – осы игі бастаманың нақты нәтижесі», – деген Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ертай Нұрмаханов жаңа оқу жылының басталуымен оқушыларды құттықтап, ұстаздарға ақжарма тілегін жеткізді. Алматы облысының Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Елеусіз Сұлтанғазыұлы жиналған жұртқа ақ батасын берді. Білім ордасының құрылысын жүргізген мердігер мекеме – «Құрылысшы ТБС» ЖШС. Қаржыландырған – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Жалпы аумағы 8 180,3 шаршы метрді құрайтын ғимарат 600 оқушыға есептелген. Мұнда өндірістік оқу үдерісін ұйымдастыру үшін 28 арнайы сынып комплектісі қарастырылған, ал білім беру қызметін 64 білікті мұғалім жүзеге асырады.Мектеп ішінде оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық инфрақұрылым жасалған. Ғимаратқа кіреберісте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін цифрлық турникет жүйесі қойылған. Бірінші қабатта асхана, спортзал, сондай-ақ еңбек дағдыларын дамытуға арналған ұлдар мен қыздардың жеке шеберханалары орналасқан.Екінші қабатта ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған биология кабинеті, кітапхана және түрлі іс-шаралар өткізуге арналған мәжіліс залы қарастырылған. Ал үшінші қабатта оқушылардың цифрлық білімін арттыратын робототехника және STEM кабинеттері бар. Бұдан бөлек, мектепте оқушылардың психо-эмоционалдық жағдайын реттеуге және инклюзивті қолдау көрсетуге арналған арнайы сенсорлық бөлме жұмыс істейді. Оқушылардың кедергісіз, әрі сапалы білім алуына бар жағдай жасалған мектепте бүгінде 576 бала жаңа оқу жылын бастап кетті.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы