Жаңа оқу жылының басталуымен бірге балалардың қауіпсіздігіне қойылатын талап та күшейеді. Осыған байланысты Ұйғыр ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік шара ұйымдастырылды.
Шараға аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Рейд барысында жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне, қауіпсіздігіне және бос уақытын қалай өткізетініне назар аударылды. Сонымен қатар балалар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де бақылауда болды.
Полиция қызметкерлері ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баланың қауіпсіздігіне ең алдымен отбасы жауапты екенін еске салды. Жасөспірімнің қайда жүргенін бақылау, түнгі уақытта қараусыз қалдырмау және оның бос уақытын тиімді ұйымдастыру – ата-ананың маңызды міндеттерінің бірі.
Баланың қауіпсіздігі тек полицияның немесе мектептің жұмысы емес. Бұл – ата-ана, ұстаз және қоғам болып атқаратын ортақ іс. Сондықтан жаңа оқу жылын балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірлескен жауапкершіліктен бастаудың маңызы зор.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы