Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының күнделікті жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Ұйғыр ауданының прокуратурасы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Алдын алу шараларының бір бағыты – құқықбұзушылық орын алуы мүмкін жағдайларды алдын ала анықтап, оларды жою. Осы мақсатта аудандық прокуратура қызметкерлері аудан аумағындағы қараусыз қалған, пайдаланылмай тұрған нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осындай 41 нысан анықталған.
Бос тұрған ғимараттар мен қараусыз аумақтар кей жағдайда қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан прокуратура анықталған нысандардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылдап, оларға бөгде адамдардың еркін кіруіне жол бермеу, аумақтарды тиісті жағдайда ұстау және қажет болған жағдайда бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін қарастыруда.
Сонымен қатар аудан аумағында бейнебақылаумен толық қамтылмаған, яғни құқық бұзушылықтың алдын алу тұрғысынан қосымша назар аударуды қажет ететін «көрінбейтін аймақтар» да анықталған. Мұндай орындарды бақылау жүйесіне қосу – қауіпсіздікті күшейтудің маңызды тетіктерінің бірі.
Бұл жұмыстың негізгі мәні – құқықбұзушылық жасалғаннан кейін әрекет ету емес, оған алып келуі мүмкін жағдайларды ертерек жою. Қараусыз нысандарды ретке келтіру, қауіпті аумақтарды бақылауға алу және бейнебақылау мүмкіндігін кеңейту арқылы тұрғындар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға болады. Ұйғыр ауданының прокуратурасы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, анықталған мәселелердің шешілуін алдағы уақытта да тұрақты бақылауда ұстап отырмақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы