Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Қазақ-өзбек әдеби байланысы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақ-өзбек әдеби байланысы жаңа деңгейге көтерілді

73 қаралым

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының халықаралық форумы өтіп, тарихи маңызы зор Ташкент декларациясы қабылданды.

Түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасы – ғасырлар қойнауынан бастау алатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес қазына. Сол мұраны сақтау, зерделеу және кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі ұрпақтың тарихи жауапкершілігі. Осы мақсатты көздеген маңызды мәдени-әдеби оқиға Ташкент қаласы мен Ташкент облысында өтті.


Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі, Мәдениет министрлігі, Ташкент облысының әкімдігі, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одақтары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйытқы болуымен «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының халықаралық форумы ұйымдастырылды.
Ауқымды басқосу Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына және ұлы өзбек ақыны, ойшыл Әлішер Науаидың 585 жылдығына арналды. Форумның мазмұны да осынау тарихи даталардың өзара сабақтастығын айшықтай түсті.
Халықаралық форумның өтуіне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің XII саммитінде Әлішер Науаидың мерейтойына арналған халықаралық конференциялар өткізу жөніндегі бастамасы да негіз болды.

Ортақ мұра – ортақ жауапкершілік

Форумның негізгі мақсаты – түркі халықтарының ортақ әдеби және мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-рухани әрі бауырластық байланысты одан әрі нығайту, сондай-ақ екі елдің қаламгерлері мен аудармашылары арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту.
Халықаралық жиынға Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектеп білімі және Мәдениет министрліктерінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің (UzA) бас директоры Абдусаид Кучимов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев, екі елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті жазушылар, ақындар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форумның негізгі іс-шарасы Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұл – ұлы ойшылдың рухани мұрасына көрсетілген құрмет қана емес, қазақ пен өзбек халықтарының ғасырлар бойғы әдеби-мәдени байланысының символдық көрінісі болды.
Одан кейін Өзбекстан Жазушылар одағында Бірінші Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығына арналған архивтік құжаттар фотокөрмесі ұйымдастырылып, Өзбекстан, Қазақстан және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының баспа жобалары таныстырылды.

Сөз өнері – халықтарды жақындастыратын алтын көпір

Форумның пленарлық отырысында Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің құттықтаулары жолданды.
Тарихи басқосуды Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Минхожиддин Ходжиматов жүргізіп, құрметті қонақтарға сөз берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде форумның екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты жаңа деңгейге көтерудегі маңызына тоқталды.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Ташкент декларациясының қабылдануы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова бауырлас Өзбекстан халқын ел Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, форумның түркі халықтарының рухани мұрасын сақтау ісіндегі маңызын атап өтті.
– Кез келген халықтың кемел келешекке нық қадам басуы – ең алдымен оның тілі мен мәдениетінің, тарихы мен дәстүрінің сақталуына, бабадан балаға мирас болған рухани құндылықтарының ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жетуіне байланысты. Өйткені өткенін қастерлеген ел ғана бүгінін баянды етіп, болашағын берік қалыптастыра алады, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Ол сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының осы бағыттағы жұмыстарына тоқталып, ұйымның түркі халықтарының ортақ мұрасын сақтау мен халықаралық деңгейде дәріптеу жолында жүзеге асырып келе жатқан жобаларына назар аударды.
Қор басшысының айтуынша, соңғы екі жылдың өзінде 200-ге жуық жоба мен бастама жүзеге асырылған. Бұл – түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың ауқымын көрсетеді.

Әлішер Науаи мұрасы – ортақ рухани құндылық

Форум аясында «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, бүгінгі күн және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты тақырыптық сессия өтті.
Сессия барысында Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі жазушылары мен қаламгерлері Әлішер Науаидың әдеби мұрасының жалпыадамзаттық мәні, қазақ және өзбек халықтарының тарихи-әдеби байланыстары, сондай-ақ көрнекті әдебиет өкілдерінің шығармашылық мұрасы туралы ой қозғады.
Баяндама жасаған Бахадир Каримов, Нұрбой Жабборов, Қанат Алтынбек, Ергеш Абдувалитов және басқа да қаламгерлер әдебиеттің екі ел арасындағы рухани байланысты бекемдеудегі рөліне тоқталды.
Кейін форум «Түркі әлемінің әдеби ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Ашық пікір алмасу барысында түркі дүниесінің ортақ әдеби мұрасын сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.
Қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері бірлескен антологиялар мен кітап серияларын шығару, аударма ісін дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби мұраны цифрландыру, оны білім беру үдерісіне енгізу және мәдени институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастыру жөнінде пікір алмасты.

Ташкент декларациясы – жаңа кезеңнің бастауы

Форумдағы тарихи сәт Ташкент декларациясының қабылдануы болды.
Құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының төрағалары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды.
Ташкент декларациясы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ұзақ мерзімді әдеби және мәдени ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындауға арналған. Оның қабылдануы – екі ел қаламгерлерінің шығармашылық байланысын кеңейтіп қана қоймай, ортақ әдеби мұраны зерттеу мен насихаттауға, аударма ісін жандандыруға және жаңа буын шығармашылық өкілдерін қолдауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Ташкент төрінде өткен халықаралық форум осылайша әдеби басқосудың аясынан асып, қос халықтың тарихи тамырластығын, рухани жақындығын тағы бір мәрте көрсетті.
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланысы бүгінгі таңда жаңа мазмұнмен толығып отыр. Ал Ташкент декларациясы – сол сабақтастықты болашаққа жалғайтын маңызды құжат.
Өйткені әдебиет – шекараға бағынбайтын рухани құндылық. Ол халықтарды жақындастырады, тарихты сөйлетеді, ұрпақтарды сабақтастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Ташкентте қабылданған декларация тамыры терең қос елдің ортақ әдеби-мәдени мұрасын дәріптейтін ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарын одан әрі жақындастыратын рухани көпірге айналары сөзсіз.


Алтынай СЕЙІТКЕН